Әділхан Қопабаев Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалған тұңғыш қазақ атанды. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.
«Біздің отандасымыз, digital nomad Әділхан Қопабаев Apple компаниясында жетекші қызметке тағайындалғанын қуана хабарлаймын. Енді Әділхан Орталық Азия және Армения аймағын қадағалайтын болады. Бұл жаңа кезең оған жетістік пен кәсіби өсу әкелсін», – деп жазды министр.
Әділхан Қопабаевтың өзі қандай қызметке кірісіп жатқанын айтқан.
«Мен Apple Inc командасына қосылғаныма қуаныштымын. Орталық Азия мен Армениядағы қоғамдық саясат және мемлекеттік байланыстар бөлімінің басшысы қызметін атқарамын», – деп жазды ол.
Әділхан Қопабаев – 29 жаста, Ақтөбенің тумасы. Ол 2017 жылы Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технологиялар институтын инженер-урбанист және технологиялық менеджмент мамандығы бойынша тәмамдаған. UNIT Global UniStar стипендиясының иегері. 2021 жылы Браун университетін бітірген. Рокфеллер қоры стипендиясының иегері. Халықаралық консалтингтік және IT компанияларда жұмыс істеген.