Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыскерлер құқықтарын қорғауды күшейту үшін қандай шаралар көзделгенін айтып берді.
«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы цифрлық мониторинг арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктері жетілдіріледі, кәсіпорындарға сын-қатер класын беріп, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалау енгізіледі. Сондай-ақ оқытуға және білімді тексеруге қойылатын талаптарды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі», – деді С. Жақыпова Үкімет отырысындағы баяндамасында.
Еңбек қатынастарының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілердің штат кестесін орналастыруын, еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыруды көздейтін еңбек қатынастарын декларациялау тетіктерін енгізу жоспарланған.
«Өткен жылы біз халықаралық стандарттарды ескеріп, ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу әдістемесін бекіттік. Биыл Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескеріп, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» № 131 конвенциясын ратификациялауды жоспарлап отырмыз», – деді Еңбек министрі.
Бұған дейін С. Жақыпова Қазақстанда жұмысшы мамандарға қажеттілік тек қана арта беретінін айтқан еді.