Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«EL ARNA» телеарнасы жабылып, «Хабармен» біріктіріледі

«EL ARNA» телеарнасы жабылып, «Хабармен» біріктіріледі

Қазақстандық «EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы шешім шығарылды.

Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева хабарлады. Министрдің сөзінше, бұл отандық медиакеңістіктегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыру үшін қабылданған шешім.

«Бұл қадам, ең алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған», – дейді Балаева.

«EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады. «EL ARNA»-ның барлық құнды контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді. Балаева бұл үздік жобалардың сақталуына, оларды кең аудиторияға қолжетімді етуге және одан әрі дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

  – «EL ARNA» телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар, сондай-ақ мәдени-ағартушылық бағдарламалар көрсетілетін платформа ретінде маңызды миссия атқарды. Біз бұл арнаның ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі «EL ARNA» телеарнасының ұжымына көпжылдық еңбектері, кәсібилік пен отандық медиа кеңістікті дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғыс білдіреді. Қайта ұйымдастыру процесі барысында барлық қызметкерлер «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылады. Жалақы деңгейі сақталып, олардың тәжірибесі мен білімі жаңа жобаларда сұранысқа ие болады, – дейді министр. 

«EL ARNA» телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы «24KZ» және «Хабар» сияқты стратегиялық маңызды телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінеді.

«EL ARNA» телеарнасы 2000 жылдың 22 наурызында алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде «Хабар-2» атауымен құрылды. 2002 жылдың наурызында атауы «EL ARNA» болып өзгертіліп, екі тілде хабар таратуға көшті.

2014 жылдың наурызында арна өз жұмысын тоқтатып, оның жиілігінде «24KZ» жаңалықтар телеарнасы іске қосылды. 2017 жылдың 27 наурызында «EL ARNA» жаңа форматта отандық киноарна ретінде қайта іске қосылып, 2024 жылдан бастап «EL ARNA» жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалды.

Ұқсас материалдар