Құзырлы мекемелер шекаралық аймақта орналасқан 94 мектепке интернет тартып көргенімен, қиындықтар туындаған.
Тағы 136 ауылдық мектепке талшықты-оптикалық желі тарту мәселесі шешілуде.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты.
«Қазіргі таңда сапалы интернетпен мектептердің 85 пайызы қамтылып отыр. Жоғары жылдамдықты дегеніміз кемінде секундына 20 Мбит. Себебі бұған дейін бұл көрсеткіш секундына 4,8 Мбит болған еді. Бүгінде алыс шалғайдағы 94 ауылды сапалы интернетпен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр, бұл мәселе қазір Цифрлық даму министрлігімен бірлесе шешіліп жатыр. Негізгі себеп 94 мектептің шекаралық аймақта орналасуында. Ол жерге Starlink-ті жеткізіп көрдік, бірақ шекарада орналасқандықтан, оның жұмыс істеу мәселесінде кедергілер бар екенін көріп отырмыз», – деді Ғани Бейсембаев тілшілердің сауалына берген жауабында.