
Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жаңа Құрылыс кодексінің жобасын таныстырды.
Құжатта сейсмикалық қауіпсіздікке баса назар аударылған. Министрдің мәліметінше, Қазақстан – сейсмикалық қауіптілігі жоғары елдердің бірі. Ел аумағының 45 пайыздан астамы жойқын жер сілкінісі ықтимал аймақтарға жатады. Әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысы, сондай-ақ халық пен инфрақұрылым шоғырланған Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары сейсмикалық қатерге ұшырайтын өңірлер қатарында.
«Осыған орай, ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңа Құрылыс кодексіне сейсмикалық қауіпсіздікке арналған жеке тарау енгізілмек. Жаңа нормалар кешенді түрде сейсмикалық қатерді бағалауды, сейсмо-оқшаулау технологиясын қолдана отырып жаңа нысандарды жобалауды, құрылыс алаңдарын мұқият таңдап, бірінші деңгейдегі маңызды объектілерге инженерлік-сейсмометриялық бақылау жүргізуді қарастырады», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Мәжілісте.
Сонымен қатар қауіпті бағалау – аймақтың ерекшелігі мен нысандардың сипатына қарай ықтимал шығындарды есептеуді, тәуекел карталарын жасауды, ғимараттардың төзімділігін бағалауды және қауіпті өңірлердегі нысандарды техникалық паспорттауды қамтиды.
Атап өтерлігі, сейсмикалық микроаймақтарға бөлу ерекше маңызды болып, оның карталары қала құрылысының жоспарын әзірлеу кезінде міндетті түрде қолданылады.
«Сондықтан, жаңа Кодекске сейсмикалық қауіпсіздік бөлімін енгізу стратегиялық маңызды қадам. Ол халықтың өмірі мен денсаулығын қорғауға, салаға заманауи ғылыми-технологиялық негіз қалыптастыруға жағдай жасайды», – деп айтты министр Нағаспаев.