
Үкімет отырысында ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов өткен жылу беру маусымында энергетика нысандарына жүргізілген тексерулер мен онда анықталған бұзушылықтар туралы баяндады.
«Мемлекет басшысының энергетикалық бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң қабылданды. Оның аясында мынадай негізгі жаңа енгізілімдер қарастырылған. Мемлекеттік энергетикалық бақылау Кәсіпкерлік кодексінің талаптарынан тыс жүзеге асырылады. Өткен жылы 472 тексеру жүргізу нәтижесінде 168 млн. теңге айыппұл салынды», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Энергетикалық қадағалау комитетіне орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу желілері мен қазандықтарды бақылау функциялары берілген.
«Еліміздің энергетика объектілерінде өндірістік энергетикалық бақылау институты енгізілді. Ол тікелей үздіксіз өндірістік процесте энергетикалық объектілерді пайдалану кезінде заңнама талаптарының бұзылуын анықтауға және алдын алуға бағытталған», – деді Сұңғат Есімханов.