ЕО Google-дің нарықтағы ықпалын шектеу үшін деректерді бөлісуді талап етті
Еуропалық одақ Google компаниясының іздеу жүйесіне қатысты деректерді үшінші тараптарға ашуын талап етпек.
Бұл бастама Еуропалық комиссия ұсынған жаңа шаралар аясында қарастырылып отыр.
Ұсынысқа сәйкес, Google іздеу нәтижелерінің рейтингі, қолданушылардың сұраулары, сондай-ақ басу мен қаралым статистикасын басқа компанияларға әділ әрі кемсітусіз шарттармен ұсынуы тиіс. Бұл талаптар Digital Markets Act ережелеріне сәйкестікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Еуропалық комиссияның пайымынша, мұндай қадам балама іздеу жүйелері мен жасанды интеллект негізіндегі сервистердің дамуына жол ашып, нарықтағы бәсекелестікті күшейтеді.
Сонымен қатар, компания деректерді жинау тәсілдері, олардың көлемі мен қолдану жиілігі, сондай-ақ жеке мәліметтерді қорғау және баға белгілеу тетіктері туралы толық ақпарат беруге міндеттелуі мүмкін.
Қазір бұл ұсыныстар бойынша қоғамдық талқылау жүріп жатыр. Қатысушылар өз пікірлерін 1 мамырға дейін жолдай алады. Ал түпкілікті шешім 27 шілдеге дейін жарияланады деп күтілуде.
Айта кетейік, ЕО заңнамасын бұзған жағдайда ірі технологиялық компанияларға олардың жылдық жаһандық табысының 10%-ына дейін айыппұл салу қарастырылған. Бұған дейін де Еуропалық комиссия бәсекелестік талаптарын бұзғаны үшін Google-ға миллиардтаған еуро көлемінде айыппұл салған.





