ЛОНДОН – 2017 жылы Еуропаның көшбасшылары популистер бас көтеретін мазасыз сайлаулар, Британияның Еуроодақтан шығуына байланысты күрделі келіссөздер және трансатлантикалық одақты «ескінің қалдығы» деп санайтын Американың жаңа президентімен істес болу сияқты түрлі өткелдерден өткелі тұр.
Осы сын-қатерлерге қарамастан, Еуроодақ басшылары шашыраңқы одақты қайта күшейтіп, оның институттарын нығайтуға да мүмкіндік алмақ. Соның ішінде олар көбірек капитал беріп, бақылауды күшейту арқылы банк секторына сенімді қайтаруы тиіс. Басқа салада еш алға жылжи алмаса да, осы мақсатқа жеткенінің өзі – 2017 жыл жемісті жыл болды дегенді білдірсе керек.
Еуропаның банктері ұзақ жылдардан бері құрлық экономикасының басты өзегі болып келді. Франция мен Германияда банктердің активтері ЖІӨ-нің 350-400 пайызын құрайды, ал Америкада бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 100 пайызы төңірегінде ғана. 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін еуроаймақтың ең әлсіз банктері нашар несиелердің батпанына басылып қалды, олар өз үкіметтерін де құрдымға ала кете ме деген қауіп болды. Көп елдердің несиені қайтару мүмкіндігі күмәнді болғандықтан, тіпті мықты деген банктердің өзі «қақпанға» түсіп қалды, себебі олар өз портфеліндегі егемен қарыздың азайып жатқанынан жапа шекті.
Бір жағынан еуроаймақ банктерінің тәуелсіздігі бәлекеттен құтқарды. Ирландия, Португалия және Грекия банктері көбіне Германияның, Франция мен Нидерландының банктеріне қарыз болғандықтан, ең осал банктер мен экономикаларға сырттан түскен ауыр салмақты мықты банктер бірлесіп көтерді. Соның арқасында саяси шығыны көп болғанына қарамастан, акционерлер ынтымақтасып, бірлесе жауап беруге үйренді. Еуропаның барлық банктеріне қатер төніп тұрмағанда, Еуропа лидерлерінің 1 триллион долларды қаржы нарығына қайта құю туралы келісімге келе қоюы екіталай еді.
Ал, Еуропа Орталық банкінің кіріктірілген төлемақы жүйесі ірі банктер мен шеткері банктер арасында қалыпты аударымдарды жүзеге асырып отырды, соның арқасында дағдарыстың ең ауыр кезеңдерінде коммерциялық белсенділік пен қаржыландыру тоқтаған жоқ. Еуропа Орталық банкі, сондай-ақ, үнемі мәрттік әрі сенімділік танытпаса да, өтімділік тұрғысынан қолдау көрсетіп, қауіп төнген институттарға көмек беріп, нарықтағы аласапыранның алдын алып отырды. Саяси лидерлер мемлекеттер арасында қарыз берудің заңдылығына шүйлігіп жатқанда, Еуропа институттары ғаламдық дауылдың бетін қайтара білді.
Экономистердің ортақ тұжырымы бойынша, «лайықты валюта одағында» жұмыс күшінің ұтқырлығы, ортақ қаржылық бақылау, синхрондалған бизнес циклдері болуы керек. Еуроаймақта мұның ешқайсысы болмады. Бірақ қаржы дағдарысы көрсеткеніндей, өзара интеграцияланған банктер мен қаржылық нарықтар да тұрақтылыққа тұғыр бола алады.
«Еуроаймақ күйреп тынады» деген болжамдар расталмады, керісінше, бақылауды күшейтіп, институттарын нығайтып, ресурстарын біріктіру арқылы еуроаймақтың қанаты қатая түскені анық. Ерекше атап өтетін нәрсе – еуроаймақ реттеушілері қазір қаржы одағының ең ірі банктерінің атынан әрекет етіп, жағдайды бақылай алады.
Әрине, Еуропа институттарының болбырлығы туралы пікір мен дағдарыс сайлаушылардың біршама наразылығын тудырды, олардың арасында ортақ валюта жақсылық әкеледі дегенге күмәнмен қарайтындар да бар. Бірақ, әрине, еуроның бұл дағдарыстан өткені – оның келесі дағдарыстан да аман өтетінін білдірмейді.
Тіпті қазіргі ауыр саяси климат кезінде де Еуропа басшылары Еуропа қаржы министріне беретін шынайылықтан алшақ, далиған ұсыныстарын шетке ысырса және елдердің экономикалық саясаттарына килігуді қойса біраз жетістікке жете алады. Мұның орнына олар ортақ валютаның күшті жақтарына мән беріп, соның ішінде Италия мен Португалия банктерін нашар несиелерден тазартудың сенімді жоспарын жасауы тиіс. Ең дұрысы – бұл жоспарға Еуропаның ресурстары мен жергілікті реформалар кіруі керек, сол арқылы олар төлем қабілеті төмен режимдердің олқылықтарын түзетеді, осының арқасында банктер кепілзат бойынша сот шешімдерін күтіп отырған кездегі жұмыс істемейтін қарыздардың салмағынан құтылады.
Жалпы жүйеге сенімді күшейту үшін саясаткерлер банктердің егемен қарыздарын орналастыруына шек қоюы керек, бұл оларды қақпаннан босатып, Еуроодақтың Ортақ резолюция қорына көбірек қаржы құюға итермелейді. Сосын Еуропа орталық банкі үлгі ретінде орта деңгейдегі бір-екі банкті қайта құрылымдап, бұл қолынан келетінін дәлелдеуі керек.
Оның үстіне, саясаткерлер капитал мен нарық арасындағы интеграцияны ынталандыруы керек, бұл еуроны күшейтіп, басқа елдердің тәуекелді бөлісуіне, қаржыландыру көздерін әртараптандыруға, қаржыны қолжетімді ете түсуге жәрдемдеседі. Ұлыбритания ортақ нарықтан шығып кеткен соң бұл тіпті маңызды бола түседі.
Қазіргі саяси климат құрылымдық реформалар жүргізіп, қаржыларды біріктіруге, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік бермейді. Бірақ егер Еуропа басшылары банк одағын күшейте алса, онда еуроаймақтың болашағынан әлі де үміт бар деген сөз.
Еуроаймақ қаржылық сауат ашу кезеңін басынан өткізді. Ғаламдық нарық қыспаққа алған саяси лидерлер валюта одағын нығайту үшін жағымсыз қадамдар жасады. Сондағы бір түсінгендерді: мәселенің бір қыры – банк пен нарықтың тәуелсіздігі мәселені шешуге, реформаларды тереңдетуге сеп болды.
Еуроны ұзақ уақыт сақтап тұру үшін банк одағы мен Еуропаның капитал нарықтарын әрі қарай интеграциялау бағытында қадамдар жасап қана қою жеткіліксіз, бірақ бұл да – қажет нәрсе. Және қазіргідей мазасыз уақытта бұл – жалғыз ғана шынайы шешім болып тұр.
Автор туралы: Кристорфер Смарт – Гарвард университеті Кеннеди Басқару мектебінің Мосавар-Рахмани бизнес орталығының аға зерттеушісі, президент Барак Обаманың Халықаралық экономика, сауда және инвестиция жөніндегі арнайы көмекшісі және АҚШ Қаржы министрі орынбасарының Еуропа және Еуразия жөніндегі көмекшісі қызметтерін атқарған. Бұл комментарий оның осы айда Мосавар-Рахмани орталығында жарық көрген Еуропадағы дағдарыс туралы «Еуроаймақтың қаржылық сауат ашу кезеңі» деп аталатын еңбегінің негізінде жазылған.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org