Тексеру барысында мамандар жол негізінің талапқа сай орындалуы мен асфальтбетон жабынының төменгі қабатын төсеу сапасын бағалады. Зертханалық сынақтар өткізу мақсатында жол жабынынан керн алу әдісімен сынамалар іріктелді.
Алынған үлгілер Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының зертханасына жолданып, олар нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігі бойынша жан-жақты тексеріледі. Зерттеу нәтижелері бойынша атқарылған жұмыстардың сапасына қорытынды беріліп, анықталған кемшіліктер болған жағдайда оларды жою жөнінде тиісті ұсынымдар енгізіледі.
Алматы қаласы бойынша Жол активтері сапасының ұлттық орталығы филиалының инженері Досжан Сұрапбергеновтің айтуынша, мұндай бақылау жол жабынының сапасы мен ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Газ, су немесе өзге де инженерлік желілерді жүргізгеннен кейін жол жабынын қалпына келтіру жұмыстары міндетті түрде белгіленген талаптарға сай орындалуы тиіс. Сол себепті біз жол негізі мен асфальт қабаттарының сапасын зертханалық сынақтар арқылы тексереміз. Керн әдісімен алынған сынамалар жабынның қалыңдығын, тығыздығын және материалдың сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жұмыстардың барлығы қала жолдарының қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді қызмет етуін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі», – деді Досжан Сұрапбергенов.Айта кетейік, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жол инфрақұрылымы нысандарында жүргізілетін жұмыстардың сапасына тұрақты түрде бақылау жүргізіп, құрылыс материалдарының белгіленген стандарттарға сәйкестігін тексеруді жалғастыруда.





