Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Геологиялық деректердің 97 пайызы цифрландырылды – Ерсайын Нағаспаев

Геологиялық деректердің 97 пайызы цифрландырылды – Ерсайын Нағаспаев
Қазақстанда геология саласындағы архивтік ақпаратты цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім еткендей, бүгінгі күні геологиялық деректердің 97 пайыздан астамы электрондық форматқа көшірілген.

Министрдің айтуынша, жалпы көлемі шамамен 250 терабайт архивтік ақпарат цифрландырылды. Бұл деректерді өңдеу процесін жеделдету үшін арнайы жасанды интеллект жүйесі әзірленген. Ол архив материалдарын автоматты түрде талдап, геологиялық модельдер құрастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда цифрланған мәліметтер бірыңғай Big Data жүйесінде жинақталып жатыр. Жүйеге әзірге 1 терабайт дерек енгізіліп, жасанды интеллект көмегімен сұрыпталып, талдануда.

Жаңа технологиялар геологиялық ақпаратты тиімді пайдалануға жол ашады. Атап айтқанда, жүйе координаттарды анықтап, маңызды деректерді іріктейді, талдау уақытын қысқартады және шешім қабылдау сапасын арттырады. Сонымен қатар цифрланған деректер негізінде интерактивті жер қойнауы картасы әзірленген.

Мысалы, Ұлытау облысы аумағында жасалған картада жасанды интеллект мыс қоры жоғары болуы мүмкін учаскелерді автоматты түрде анықтап көрсетеді. Бұл геологиялық барлау жұмыстарын тиімді жоспарлауға және инвестициялық тартымдылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар