Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Грузияда Батуми мұнай терминалын басқаратын үш қазақстандық ұсталды

Грузияда Батуми мұнай терминалын басқаратын үш қазақстандық ұсталды

Фото: kmg.kz

Грузия Қаржы министрлігінің Тергеу қызметі «Батуми мұнай терминалы» ЖШС басқаратын үш Қазақстан азаматын Грузия кеденін айналып өтіп, аса ірі көлемде мұнайды заңсыз өткізу схемасына қатысы бар деген күдікпен ұстады, деп хабарлады  sputnik-georgia.ru ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тергеу қызметінің мәліметінше, айыпталушылар терминалдың резервуарларында сақталған, кедендік рәсімдеуден өтпеген және өңделмеген, жалпы құны 5,5 млн доллардан, 10 мың тоннадан асатын мұнайды заңсыз өткізген. 

«Батумелеби» басылымының хабарлауынша, 3-ші желтоқсан түні терминалға Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің және Қаржы министрлігі Тергеу қызметінің қызметкерлері кіріп, теміржол бағыты іс жүзінде тоқтаған. 21 қызметкерден жауап алынған. Қылмыстық іс аса ірі көлемдегі контрабанданы адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасауы фактісі бойынша тергеліп жатыр. Қолданылатын бап 11 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. 

ҚазТрансОйлдың ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек Грузияға тиесілі «Батуми теңіз порты» ЖШС-нің 100% үлесін басқаруға айрықша құқыққа ие Батуми мұнай терминалы 2017 жылдың 22 тамызынан бері қазақстандық «ҚазТрансОйлдың» меншігінде. 

newsgeorgia.ge  ақпаратына қарағанда терминал қазіргі кезде бірнеше сот дауына қатысуда. Бұған байланысты оның активтеріне шамамен 30 мың шаршы метр жылжымайтын мүлікке және мұнай сақтау резервуарларына сот шешімдерімен тыйым салынған. Бұдан бөлек, компания Грузияның салық қызметімен көпжылдық даулар жүргізіп келеді. 2024 жылғы есептілікке сай, терминалға қойылған талаптардың жалпы сомасы 28,6 млн доллар болған.

2024 жылы топтың табысы 43,4 млн долларды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда іс жүзінде өзгермеген (-0,1%). Таза пайда 4,9 млн долларға дейін өсіп, жылдық өсім 1,9 млн долларды құраған. 2024 жылдың соңында топ активтері 134,9 млн долларға, меншікті капиталы 51,9 млн долларға бағаланған.

Терминалдың иелігінде жалпы пайдалы сыйымдылығы 400 мың тоннадан асатын 132 резервуар бар. Кешеннің жылдық өткізу қабілеті 12 млн тоннадан жоғары. Инфрақұрылым құрамына тәулігіне 700 цистерна-вагонға дейін қабылдай алатын 6 теміржол эстакадасы кіреді. 

Грузиялық БАҚ ұсталған қазақстан азаматтарының аты-жөнін жарияламаған. Батуми терминалының ресми сайтында терминалдың Бас директоры ретінде Ташибаев Фархат Нұрмұхаметұлының, экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Мүслімов Дамир Жұмабекұлының,  өндіріс және операциялық қызмет бойынша басқарушы директоры Кенжеахметов Серік Есімұлының аты-жөні көрсетілген.  

ҚазТрансОйл бұл іс бойынша әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады. 



Ұқсас материалдар