Иран Парсы шығанағы елдеріне кезекті шабуыл жасап, Қатардағы ірі мұнай-газ нысандарының біріне соққы берді. Бұл туралы DW хабарлады.
19 наурызға қараған түні баллистикалық зымырандар әлемдегі ең ірі газ кешендерінің бірі саналатын Рас-Лаффан индустриялық аймағына бағытталған. QatarEnergy компаниясының мәліметінше, нысанға 12 сағат ішінде екі рет соққы жасалған.
Шабуыл салдарынан кешен аумағында өрт шығып, кейін бақылауға алынған. Компания нысанға айтарлықтай материалдық шығын келгенін мәлімдеді. Алайда қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ.
Қатардың Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайды ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қауіп деп бағалады.
Сонымен қатар, Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта зымыран қалдықтарының құлауынан төрт адам жарақат алды. Қаланың оңтүстігіндегі мұнай өңдеу зауыты маңынан да зымыран бөлшектері табылған.
Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктерінде Ираннан ұшқан дрондар мен зымырандарға қарсы әуе қорғаныс жүйелері іске қосылғаны хабарланды.





