Жамбыл облысында ауылдарды сумен жабдықтау үшін қайтарылған активтер есебінен 15 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймақта сумен жабдықтаудың 12 жобасы Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландырылуда. Үкімет бұл мақсаттарға 15,4 млрд теңге бөлген. Қазіргі кезде 4 нысан пайдалануға берілді, ал қалған 8 жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Төрт елді мекен қазірдің өзінде сапалы ауыз сумен қамтылды. Жамбыл ауданы бойынша Қызылшарық, Жаңаөткел және Жұма ауылдарындағы жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, Талас ауданының Қараой ауылында алғаш рет орталық су жүйесі іске қосылды. 300-ден астам тұрғыны бар ауылдағы жоба құны 933,4 млн теңге, оның 106,7 млн теңгесі Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген.
Жыл соңына дейін аяқталатын сегіз жоба облыстың шалғай елді мекендерінде жүзеге асуда. Атап айтқанда:
-
Мойынқұм ауданында: Шығанақ, Мыңарал, Құмөзек стансалары, сондай-ақ Мойынқұм, Биназар, Бірлік ауылдарында желілер жаңғыртылуда;
-
Сарысу ауданында: Жайылма мен Маятас ауылдарында су құбырлары реконструкциялануда;
-
Қордай ауданында: Қарасай батыр ауылында су желілерінің құрылысы жүргізілуде.
Өңірде ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде шешілуде. Президент тапсырмасына сай облыста халықты сапалы сумен қамту мақсатты көрсеткішке жақындады: 2025 жылдың 10 айында қалаларда қамту деңгейі – 98%, ауылдарда – 99,3%. Барлығы 23 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның 13-і аяқталған.
Ауыз су инфрақұрылымын дамыту еліміз бойынша да жалғасуда. Биыл республикалық бюджеттен 257 жобаға – 105,7 млрд теңге, ал Арнаулы мемлекеттік қор есебінен тағы 229 жобаға – 135,8 млрд теңге бөлінді.





