«Қазақмыс» қаза тапқан кеншілердің несиесін өтеп беруге 90 млн теңге бөлді

«Қазақмыс» корпорациясы Ұжымдық шарт пен өмірді сақтандыру бағдарламасының міндеттемелерін орындау аясында кеншілердің отбасына жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыруда.
Компания қаза болған кеншілердің отбасыларына толықтай несиелерін өтеп беруге көмектесті.
«Жомарт» кенішінде қаза болған жұмыскерлердің отбасыларының екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы негізгі борыштарының қарызы толығымен төленді.
«Төлемдердің жалпы сомасы шамамен 90 млн теңгені құрады. Әрі қарай отбасылар қаржы ұйымдары алдындағы қарызды өз бетінше өтеуі тиіс. Бұған дейін Қазақмыс барлық отбасыға 10 жылдық жалақы мөлшерінде (84 млн теңгеден 142 млн теңгеге дейін) өтемақы және жерлеу рәсіміне 550 АЕК (2,2 млн теңге) көлемінде жәрдемақы төледі. Сонымен қатар «KM Life» АҚ сақтандыру компаниясы жерлеу рәсімін атқару үшін әр отбасына 100 АЕК төледі», – деп мәлімделген Қазақмыс Корпорациясының хабарламасында.
Сондай-ақ балалары 23 жасқа толғанға дейін ай сайын 524 мыңнан 921 мың теңгеге дейін асыраушысынан айырылуына байланысты сақтандыру төлемі тағайындалады. Көрсетілген сомалар жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес индекстеледі.
Бұған қоса қазір туыстарын жұмысқа орналастыру және қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын студент балаларының оқу ақысын төлеу мәселесі қарастырылуда.