
Қазақстанда геологиялық барлау саласына тартылатын инвестиция көлемі жеткіліксіз. Бұл туралы Мәжілісте тиісті заң жобасын талқылау барысында депутат Еділ Жаңбыршин мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, еліміздің мұнай-газ өндірісі қазіргі таңда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты алып кен орындарына тәуелді болып отыр. Алайда бұл орындар сарқылу кезеңіне таяп қалған. Сондықтан жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау тек энергетикалық тұрақтылықты емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендікті қамтамасыз ету тұрғысынан аса маңызды.
«2012 жылға дейін еліміздің болжамды отын қоры 22,7 миллиард тонна деп көрсетілсе, кейінгі геологиялық зерттеулер бұл көрсеткішті 76 миллиард тоннаға дейін арттырды. Оның басым бөлігі Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғыстау және Оңтүстік Торғай бассейндерінде орналасқан. Қалған бөлігі аз зерттелгенімен, әлеуеті жоғары өңірлерге тиесілі. Бұл аумақтарды жүйелі түрде барлау мен игеру – жаңа өндірістік орталықтардың қалыптасуына жол ашады», – деді депутат.
Алайда Жаңбыршин еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына бөлінетін қаражаттың тым аз екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда 1 шаршы шақырым аумаққа бар болғаны 8 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. Салыстырмалы түрде бұл көрсеткіш АҚШ-та – 87 доллар, Австралияда – 167 доллар, ал Канадада – 203 долларды құрайды.
«Бұл айырмашылық – еліміздегі инвестициялық климаттың әлсіздігін көрсетеді. Себебі геологиялық барлау – жоғары тәуекел мен ұзақмерзімді капитал салымын қажет ететін сала. Егер мемлекет пен заңнамалық жүйе инвесторлардың құқығын нақты кепілдендірмесе, олар жаңа аймақтарға қаржы салмайды», – деді Мәжіліс депутаты.
Оның пікірінше, қаралып отырған заң жобасы салаға инвестиция тарту тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Депутат бұл бастаманың елдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға және экономиканы әртараптандыруға жол ашатынына сенім білдірді.