
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру бағытындағы Қытайдың жетістіктерін жоғары бағалап, бұл салада екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Сарапшылардың айтуынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект нарығының көлемі 5 триллион долларға дейін ұлғайып, жаһандық технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға жетеді.
– Біз Қытайдың жасанды интеллект бойынша халықаралық ұйым құру бастамасын қолдаймыз. Бұл туралы кеше Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммитінде ашық мәлімдедім. Қазақстан цифрлық экономиканы дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Жасанды интеллектті кеңінен енгізу мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Биыл елімізде аймақтағы алғашқы Суперкомпьютер іске қосылды, AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ біз "Alatau City" жаңа қаласын салуға баса мән беріп отырмыз. Бұл қала инновация, криптоиндустрия және технологиялық кәсіпкерліктің дамуына серпін беретін орталыққа айналуы тиіс. Осы тұрғыда қытайлық компаниялармен әріптестікті нығайтуға ниеттіміз. Бүгін China State Construction Engineering Corporation компаниясы қазақ тарапымен тиісті келісімге қол қояды. Біз бұл шешімді қолдаймыз және құрылыс жұмыстары тез арада басталғаны жөн деп есептеймін. Жақын уақытта "Alatau City" арнайы мәртебеге ие болып, біртұтас экожүйе ретінде дамиды, – деді Президент.