Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Моңғолия 13 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Моңғолия 13 құжатқа қол қойды

Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз өткізіп, оның қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтатын 13 құжатқа қол қойды.

Ақорданың хабарлауынша, келісімдер сауда-экономика, энергетика, қаржы, ғылым және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды.

Атап айтқанда, сыртқы істер, қаржы және энергетика министрліктері арасында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдар бекітілді. Сонымен қатар, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, мұнай саласындағы әріптестік және сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру жөнінде келісімдер жасалды.

Қаржы секторында Қазақстан Ұлттық банкі мен Моңғолия Банкі арасында ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.

Ірі компаниялар деңгейінде де келісімдер бар. Атап айтқанда, Самұрық-Қазына қоры мен «Erdenes Mongol» арасында өзара түсіністік туралы меморандум бекітілді.

Өңіраралық байланыстар да назардан тыс қалмады. Астана және Алатау қалалары әкімдіктері Моңғолияның Қарақорым қаласымен «Жаңа Қарақорым» жобасы аясында ынтымақтастық орнатты.

Бұдан бөлек, ғылым мен мәдениет саласында да бірқатар келісімдер жасалды. Оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы, сондай-ақ Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Шыңғысхан» ұлттық музейі арасындағы әріптестік бар.

Сарапшылардың пікірінше, қол қойылған құжаттар екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар