
Өзбекстан мен Қазақстан арасында жаңа теміржол контейнерлік бағыты ашылды.
Бұл жоба Орталық Азиядағы көлік-транзиттік әлеуетті арттыруға бағытталған.
«Узтемірконтейнер» мемлекеттік компаниясы Ташкент қаласынан Қытаймен шектесетін Қазақстандағы Алтынкөл станциясына алғашқы контейнерлік пойызды жөнелтті. Құрамында 57 контейнері бар пойыз шекарадағы логистикалық орталыққа дейін 1300 шақырым жол жүреді. Бағытты екі күнде еңсеру жоспарланып отыр.
Жаңа маршрут Қытай бағытындағы жүк тасымалын жеделдетіп, өңірлік сауда айналымын дамытуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Үндістан арасында да осындай контейнерлік пойыз бағыты іске қосылған болатын. Мундра станциясынан бастау алатын бұл маршрут Иран, Түркіменстан және Өзбекстан арқылы Қазақстанның Астанасына жетеді. Жалпы ұзындығы 5885 шақырымды құрайтын жолдың 4300 шақырымы құрлық, ал 1585 шақырымы теңіз жолымен өтеді.
Мамандардың айтуынша, бұл жобалар Орталық Азия елдерінің логистикалық тоғысу нүктесіне айналуына жол ашады.