Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда егін орағының 10,7%-ы жиналды – Үкімет

Қазақстанда егін орағының 10,7%-ы жиналды – Үкімет

2025 жылғы 22 тамыздағы мәліметке сәйкес, елдің 15 өңірінде егін жинау науқаны жүріп жатыр.

Оңтүстік облыстарда жұмыс аяқталуға жақын, ал Шымкентте науқан толықтай тәмамдалды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жедел ақпаратына сай, қазірге дейін 1,7 млн гектардан астық орылып, бұл жалпы егіс алқабының 10,7%-ын құрайды. Жалпы түсім – 2,4 млн тонна.

Жинау жұмыстарына 300 мыңнан аса техника жұмылдырылған: оның ішінде 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 17 мың астық жинайтын машина және тағы 130 мың басқа да техника бар.

Энергетика министрлігімен бірлесіп өңірлерге дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Соның нәтижесінде шаруалар жанармайды литріне 254 теңгеден алып отыр. Бұл – нарықтағы бағадан шамамен 18–20% арзан. Бүгінде 135,4 мың тонна дизель отыны жөнелтілді.

Диқандар минералды тыңайтқышпен жоспардың 89%-ына дейін қамтамасыз етілген. Жалпы 1,7 млн тонна тыңайтқыш жеткізілді, қоймаларда қосымша 43,3 мың тоннасы бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылы алғаш рет егіс пен орақ науқанын ерте қаржыландыру тетігі іске қосылды.

Қазіргі таңда фермерлерді қолдау жалғасып жатыр:

  • жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында 502,7 млрд теңгеге 7594 өтінім түсті,

  • «жеңілдетілген лизинг» бойынша 153,4 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды,

  • «Даму» қоры арқылы 228 млрд теңгеге 1312 кепілдік берілді.

Егіннің сақталуын қамтамасыз ету үшін элеваторлардың жаңа өнімді қабылдау дайындығы тұрақты бақылауда.

Акиматтардың дерегінше, елдегі астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде лицензиясы бар қабылдау кәсіпорындарында – 13,3 млн тонна, ал шаруаларға тиесілі қоймаларда – 17,4 млн тонна.

Бұл көлем биылғы астықты, сондай-ақ өткен жылдардан қалған қалдықтарды сақтауға жеткілікті. Қазіргі таңда лицензияланған қоймалардың толуы 2,2 млн тонна немесе 16%-ды құрайды. Элеваторлар мен қоймаларда орын жеткілікті.

Ұқсас материалдар