Қазақстанда электромобильдерге арналған арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлері енгізіледі.
Бұл норма цифрландыруды дамыту, жеке деректерді қорғауды күшейту және көлік саласындағы жаңа технологияларды реттеуге бағытталған заң жобасы аясында қарастырылып отыр.
Сенат құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Заң қабылданған жағдайда электромобиль иелері үшін ерекше түсті мемлекеттік нөмірлер қолданысқа енгізіледі. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың түсі жасыл болады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, жаңа жүйені енгізу үшін мемлекет қазынасынан қосымша қаражат бөлінбейді.
«Өзгеріс тек мемлекеттік нөмірдің түсіне қатысты. Сондықтан бұл жаңашылдықты іске асыруға бюджеттен қосымша қаржы қажет емес. Заң қабылданғаннан кейін шамамен алты айлық өтпелі кезең қарастырылып отыр. Осы уақыт аралығында қажетті техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстар толық аяқталады», – деді вице-министр.
Мамандардың пікірінше, электромобильдерге бөлек нөмір беру олардың жол қозғалысындағы мәртебесін жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бейнебақылау жүйелері мен автоматтандырылған кешендер кей жағдайда электр көліктерін өзге көліктерден ажыратуда қиындық көреді. Жаңа нөмірлер бұл мәселені шешіп, ақылы тұрақтарда, қуаттау станцияларында және арнайы аймақтарға кіру кезінде рәсімдерді жеңілдетеді.
Заң жобасында электромобильдерден бөлек, жүргізушісіз көліктердің қозғалысын құқықтық реттеу мәселесі де қарастырылған. Сонымен қатар электросамокаттар мен шағын электр көліктерінің жолдың жүріс бөлігіне шығуына қатысты талаптар нақтыланады.
Құжаттағы тағы бір маңызды жаңалық – мас күйінде көлік басқарған, бірақ жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға қатысты жауапкершілікті күшейту. Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, мұндай құқық бұзушылық жасаған адамдардың жүргізуші куәлігін алу құқығы 7-8 жылға дейін шектелуі мүмкін.
Жаңа заң көлік саласын цифрландыруды жеделдетіп, заманауи көлік түрлерін пайдалануға қолайлы құқықтық орта қалыптастыруды көздейді.





