
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Thorniko», «Ovodan Egg Group» және «Шаңырақ» компаниялар тобының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында қатысушылар Қазақстан аумағында тауық жұмыртқасын терең өңдеуді дамыту мәселесін талқылады.
Жобаның бастамашысы – халықаралық компаниялармен әріптестікте жұмыс істейтін «Шаңырақ» компаниялар тобы.
Министр бұл жобаның елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызын атап өтті.
«Жұмыртқаны терең өңдеу технологияларын енгізу тек жұмыртқа ұнтағы импортының көлемін едәуір қысқартуға ғана емес, сонымен қатар бағаның маусымдық ауытқуын азайтып, тамақ және кондитерлік өнеркәсіпте қолданылатын жұмыртқа өнімдерінің биологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз қолданыстағы заңнама аясында толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған», – деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде инвесторлар қуаттылығы тәулігіне 1 миллион жұмыртқа болатын кәсіпорынның құрылысы 2025 жылдың тамыз айында басталатынын хабарлады. Жобаның жалпы құны – 15 миллиард теңге.
Компания өкілдері жобаның сәтті іске асатынына және ұзақ мерзімді перспективасына сенім білдіріп, жаңа жұмыс орындарын ашу мен отандық өнім сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.