Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда жүргізушілерге арналған жаңа жүйе енгізілмек

Қазақстанда жүргізушілерге арналған жаңа жүйе енгізілмек

Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзғандарды жазалау тәртібі өзгеруі мүмкін.

Ішкі істер министрлігі айыппұлдан бөлек, жүргізушілерге арнайы «айып балдарын» есептейтін жаңа жүйе енгізуді жоспарлап отыр.

Жаңа тәртіпке сәйкес, әр жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушіге белгілі бір мөлшерде балл жазылады. Егер бір жыл ішінде олардың саны 20-ға жетсе, жүргізуші куәлігінің күші автоматты түрде алты айға тоқтатылады.

Ең бастысы — мерзім аяқталғаннан кейін куәлік автоматты түрде қайтарылмайды. Жүргізуші қайтадан арнайы ХҚКО-да емтихан тапсырып, жол ережесін білетінін дәлелдеуі тиіс.

Жаңа жүйе тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілер мен әлі куәлік алмаған азаматтарға да әсер етуі мүмкін. Заң жобасында егер куәлігі жоқ адам немесе жаяу жүргінші 20 балл жинаса, оған алты ай бойы жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсыруға тыйым салынатыны көрсетілген.

Қазір бұл жоба Астана, Алматы және Шымкент қалаларында пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Болашақта ІІМ ережені жиі бұзатын азаматтарға міндетті психологиялық тексеру енгізу мүмкіндігін де қарастыруда. Осы арқылы агрессивті жүргізудің себептері мен тәртіп бұзудың жүйелі факторларын анықтау көзделіп отыр.

Министрлік бұл жүйені Италия мен Еуроодақ елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып әзірлеуде. Италияда қолданылатын La patente a punti жүйесі енгізілген алғашқы жылдары жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді айтарлықтай азайтқан.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа жүйенің басты артықшылығы – әлеуметтік теңдік. Өйткені ірі көлемдегі айыппұл кейбір ауқатты жүргізушілерге әсер етпеуі мүмкін, ал куәліктен айырылу қаупі барлық адамға бірдей ықпал етеді.

Сонымен қатар ІІМ жылдамдық режимін бақылауды да күшейтпек. Енді орташа жылдамдықты есептеу жүйесі тек трассаларда ғана емес, қала ішінде де қолданылуы мүмкін. Бұл жүргізушілердің камера алдында ғана тежеліп, кейін қайта жылдамдық асыруына жол бермеуді мақсат етеді.

Егер бастама толық қабылданса, Қазақстандағы жол қозғалысын бақылау жүйесі түбегейлі өзгеріп, жауапкершілік механизмі еуропалық модельге жақындай түсуі ықтимал.

Ұқсас материалдар