
19 наурыздан бастап Қазақстан азаматтары Мароккоға визасыз бара алады. Сол сияқты тағы екі елмен визасыз режимді ұзартты.
ҚР СІМ мәліметінше, осы келісім екі ел азаматтары – ұлттық паспорт иелері үшін визалық талаптардың күшін жоюды қарастырады. Осылайша, олар әрбір 6 ай ішінде (ел аумағына кіру күнінен бастап есептелетін) басқа тарап мемлекетінің аумағында визасыз 30 күнге дейін бола алады.
«Бұл келісім туристік, іскерлік және мәдени байланыстардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сонымен қатар Черногория билігі Қазақстан Республикасының азаматтары үшін визасыз режимді 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл шара Черногорияға туристік және іскерлік сапарларды жоспарлайтын қазақстандықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынып, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Бұған қоса Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрлігі ұлттық паспорттары бар Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимнің ұзартылғанын жариялады. Енді ҚР азаматтары Оман аумағында 30 күнге дейін бола алады, ал бұрын бұл мерзім 14 күнді құрады. Алайда, визасыз режим еңбек қызметі, білім алу және тұрақты тұру үшін қолданылмайтынын ескеру қажет», – делінген ҚР СІМ хабарламасында.