Қазақстанға SOS батырмасы жоқ көліктерді 2030 жылға дейін әкелуге рұқсат берілді
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) кеңесі 2030 жылдың соңына дейін SOS батырмасы жоқ автомобильдерді әкелуге және өндіруге рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде kolesa.kz жазды.
Жеңілдік бұрынғыдай тек ресми импорттаушылар мен өндіруші зауыттарға ғана қатысты. Ал жеке тұлғалар елге автомобиль әкелген жағдайда жедел қызметті шақыру жүйесін (SOS батырмасын) міндетті түрде орнатуы тиіс.
Айта кетейік, Қазақстанда SOS батырмасы жоқ көліктерді әкелуге рұқсат алғаш рет 2023 жылы 2027 жылдың соңына дейін ұзартылған болатын. Мұндай шешім құрылғының қымбаттығы, микросхемалардың тапшылығы және геосаяси жағдайға байланысты сынақтан өткізу мәселелерінің қиындауына байланысты қабылданған.
Сонымен қатар ЕЭК кеңесі ресми дилер мәртебесі жоқ заңды тұлғаларға ЕАЭО аумағына жаңа автомобиль әкелуге тыйым салды.





