
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өзінің жаңа логотипін ресми түрде таныстырды.
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл белгі Қазақстанның жоғары технологиялық, тұрақты цифрлық экожүйе құруға бағытталған стратегиялық бағытын бейнелейді.
Министрлік түсіндірмесіне сәйкес:
-
Шеңбер – ұлттық бірліктің символы саналатын шаңырақты, сондай-ақ әлемдік деңгей мен ашықтықты білдіреді.
-
Шеңбер ішіндегі шаршы – микрочип пен суперкомпьютерлік жүйелерді, яғни ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымының өзегін білдіреді.
-
Тор үлгісі – цифрлық матрица ұғымын бейнелейді. Ондағы әрбір ұяшық мемлекет, бизнес, ғылым мен қоғам арасындағы өзара байланысты көрсетеді.
-
Түстер үйлесімі – дәстүр сабақтастығы мен болашаққа ұмтылысты білдіреді.
«Жаңа логотип ұлттық құндылықтар мен жоғары технологияны біріктіріп, Министрліктің жасанды интеллект пен цифрландыруды елдің тұрақты дамуы мен ортақ өркендеуінің қозғаушы күшіне айналдыру миссиясын көрсетеді», – делінген ведомство хабарламасында.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында жасанды интеллект пен цифрландыруды экономиканы жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде атап өткен болатын.
«Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдауымыз керек», – деген еді Президент.
Цифрлық кодекс болашақта ЖИ, платформалық экономика, Big Data және басқа да маңызды бағыттарды заң жүзінде айқындайтын басты құжат болмақ.