
«Қазақтелеком» АҚ-ға қатысты тергеу басталғанын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) баспасөз қызметі хабарлады.
«Талдау барысында байланыс операторларының сымды интернет қызметтеріне тарифтерінің динамикасы да зерттелді. «Қазақтелеком» АҚ тарапынан көрсетілетін қызметке монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері байқалды. Мәселен, 2024 жылы байланыс операторы интернет жылдамдығы 100 Мбит/сек, 200 Мбит/сек және 500 Мбит/сек тарифтері бойынша бағаларды 20%-ға дейін өсірген. Осыған байланысты қазіргі уақытта агенттік аталған операторға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері бойынша тергеу жүргізуде», – делінген жұма күнгі хабарламада.
Ведомство атап өткендей, жүргізілген жұмыс барысында байланыс қызметтері нарығында әділ бәсекенің дамуына кедергі келтіретін бірқатар барьерлер анықталған.
«Сымды (тұрақты) интернет қызметтерін көрсету нарығындағы бәсекенің жай-күйіне жоспарлы талдау жүргізу барысында, үшінші тарап операторларының көпқабатты тұрғын үйлерге үй интернетін жеткізу кезіндегі қолжетімділігін қиындататын барьер анықталды. Азаматтардың сапалы байланыс қызметіне қол жеткізуі олардың ажырамас қажеттілігі болғандықтан, тұрғын үйлерге интернет қызметін жеткізу үшін сымды байланыс желілерін бәсекелі жағдайда орналастырудың маңызы зор. Алайда қолданыстағы заңнамалық шектеулер кейде үшінші тарап операторларына тұрғын үйлерге қызмет жеткізуге мүмкіндік бермей келген», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар операторлардың кабельдік канализация желілеріне қосылу техникалық шарттары туралы ақпарат алуын қиындататын барьер де анықталған.
«Табиғи монополия субъектісі кабельдік канализация желілеріне қосылуға рұқсат беру туралы өтінім алған кезде техникалық шарттарды ақылы негізде береді. Алайда табиғи монополиялар туралы заңнамада мұндай төлем алу көзделмеген. БҚДА ұсынымдарының негізінде радиожиілік спектрін (РЖС) бөлу бойынша сауда-саттыққа қатысу үшін телекоммуникацияның және (немесе) ұялы байланыстың кемінде алты облысты қамтитын тармақталған магистральдық желісінің болуын міндеттейтін талаптар нормативтік-құқықтық актілерден алынып тасталды», – деп толықтырды агенттік.
Қолданыстағы «Байланыс туралы» заңға виртуалды операторлардың қызметін құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ ұялы операторлардың қуаттарын жалға алуға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл байланыс нарығындағы бәсекенің даму әлеуетін арттырады.
«Сонымен қатар, агенттік ұялы байланыс қызметтерінің бағасының динамикасына талдау жүргізіп, монополиялық жоғары баға белгілеу белгілерін де анықтады. Қазіргі уақытта ұялы байланыс операторының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері бойынша тергеу тағайындау мәселесі қарастырылуда», – деп хабарлады ведомство.