Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) агрессивті блок болып табылмайды, – деп мәлімдеді ұйымның бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов.
«ҰҚШҰ – бұл агрессивті блок емес. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының басты мақсаты – біздің ұйымға мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығын, егемендігін және тәуелсіздігін қорғау», – деді Тасмағамбетов жексенбі күні СТВ телеарнасының эфирінде.
«Егер біз қауіп-қатерлер туралы нақты айтатын болсақ, бұл ең алдымен, трансұлттық терроризм, діни экстремизм, есірткі айналымының заңсыздығы, қарудың заңсыз айналымы және заңсыз көші-қон. Осы бағыттардың барлығы бойынша біз өте байсалды жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті Тасмағамбетов.
Ол мысал ретінде 21-25 қазан аралығында өткен есірткімен күреске арналған субөңірлік операцияны келтірді.
«Операцияға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің шекаралық қызметтері, кеден қызметтері және мемлекеттік қауіпсіздік қызметтері қатысты. Бақылаушылар ретінде Қытай, Иран, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД және БҰҰ-ның есірткімен күрес басқармасының өкілдері қатысты. Жалпы, 24 мың қызметкер жұмылдырылды», – деді Тасмағамбетов.
«Үйлестірілген іс-қимылдар нәтижесінде біздің жауапкершілік аймағымызда осы бес күн ішінде есірткінің заңсыз айналымынан 590 келі түрлі есірткі тәркіленді. Жеті зертхана, оның ішінде наркозертханалар жойылды. Сондай-ақ, есірткіні дайындау, сату және таратуға қатысты 683 есірткі қылмысының алдын алдық. Демек, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің үйлестірілген жұмысы жүргізілуде», – деп қорытындылады ҰҚШҰ бас хатшысы.