Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қымызмұрындық ұлттық иммунитетті қалыптастыратын үлкен жоба - Жанарбек Әшімжан

Қымызмұрындық ұлттық иммунитетті қалыптастыратын үлкен жоба - Жанарбек Әшімжан
Қымызмұрындық - мәдени іс-шара ғана емес, ұлттық иммунитетті қалыптастыратын, әрі болашақта экономикамыздың бір тірегіне айналатын үлкен жоба. Алматы облысы, Кеген ауданында өткен Қымызмұрындық туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан осындай пікір білдірді. 

Оның айтуынша, Қымызмұрындық тек мәдени мұраны ұлықтау емес, сонымен бірге ұлттық иммунитетті сақтау мен туристік әлеуетті арттырудың маңызды құралы.

“Тәуелсіздік алғаннан кейін қымызмұрындық дәстүрі еліміздің түрлі аймақтарында қайта жаңғырып келеді. Соның ішінде Қарқара жайлауында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатыр. Біз бұл игі істің бастау алған сәтінен бастап куәсі болып келеміз. Бұл тек Кеген ауданы не Алматы облысы ғана үшін емес, республика көлемінде маңызды, көп қырлы шара. Биылғы қымызмұрындыққа еліміздің түкпір-түкпірінен тарихшылар, ғалымдар, өнер иелері, балуандар, атбегілер, зиялы қауым өкілдері бас қосып, осы Қарқара жайлауында мерекені атап өтті. Қарқара – қазақтың ең ұлы, ең байтақ жайлауларының бірі. Бұл өңірде өтетін бұл шара жылдан-жылға ауқымын кеңейтіп, үлкен ұлттық жәрмеңкеге айналып келеді”, – деді депутат. 


Ол сондай-ақ, жаһандану заманында ұлт ретінде сақталудың басты жолы – дәстүр мен тарихи жады екенін айтты.

"Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, жаһандану дәуірінде әртүрлі бөтен идеологиялар, жат пиғылдар біздің санамызға, тұрмыс-тіршілігімізге еніп жатыр. Мұндай жағдайда ұрпағымызды ұлттық тәрбие арқылы, ата-бабадан жеткен салт-дәстүр арқылы тәрбиелеу маңызды. Біз қымызмұрындық арқылы балуан күрестіреміз, құс салдырамыз, ат баптаймыз, жылқы өсіреміз, қой бағамыз – бұл қазақтың болмысы.

Бүгінгі жәрмеңкеде соның бәрі көрініс тапты. Сондықтан менің ойымша, бұл шара тек мәдени іс-шара ғана емес, ұлттық иммунитетті қалыптастыратын, әрі болашақта экономикамыздың бір тірегіне айналатын үлкен жоба. Бұл — халқымыздың өз тарихына, өз тамырына қайта оралуының, ұлттық сананың жаңғыруының көрінісі. Мұндай бастамалар — нағыз идеологияның алтын діңгегі”, - дейді Жанарбек Әшімжан.


Айта кетейік, әйгілі 21 маусым күні Қарқара жайлауында көпшіліктің көңілінен шыққан Қымызмұрындық және "Жолан жүйрігі" бәйгесі өтті. 



Ұқсас материалдар