Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны нақтылау жұмыстары аясында бірқатар аумақтарды өзара алмастырды.
Нәтижесінде бұған дейін Өзбекстан құрамында болған екі ауыл Қырғызстанға өтті. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді.
Оның айтуынша, этникалық қырғыздар қоныстанған Чонгара және Таш-Тобо ауылдары Қырғызстан құрамына берілген. Аталған елді мекендерде шамамен 2,5 мың адам тұрады. Енді олардың тұрғындарына Қырғызстан азаматтығы рәсімделеді.
Өз кезегінде Қырғызстан көрші мемлекетке шекара маңындағы көлемі жағынан тең бағалы жер телімдерін берген.
Шекаралық келісім аясында тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспақ. Тараптар Сай ауылынан Таян ауылына дейін жаңа автомобиль жолын салу үшін жалпы аумағы 236 гектар болатын жер учаскелерін алмастырған.
Жаңа жолдың салынуы Баткен облысы тұрғындарының қатынасын едәуір жеңілдетеді. Қазіргі таңда Айдаркеннен Баткенге жету үшін тұрғындар 225 шақырымдық айналма жолды пайдалануға мәжбүр. Ал жаңа бағыт іске қосылғаннан кейін бұл қашықтық шамамен 55 шақырымға дейін қысқарады.
Сонымен қатар Қырғызстан Қазақстанмен де көлік инфрақұрылымына қатысты жаңа бастаманы талқылап жатқанын мәлімдеді. Аскат Алагозовтың айтуынша, қырғыз тарапы Тоқмақ ауданындағы жол учаскелерін тең бағалы жерлерге айырбастау мүмкіндігін ұсынған.
Бұл жоба Алматы көшесінен Кемин қаласына дейін созылатын ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автомагистраль салуға бағытталған.
Айта кетейік, Қырғызстан мен Өзбекстан 2023 жылдың басында мемлекеттік шекараны делимитациялау процесін ресми түрде аяқтаған болатын. Келісім аясында жалпы ұзындығы 302 шақырымнан асатын шекара сызығы нақтыланып, ондаған даулы учаскенің мәртебесі анықталған.
Сол кездегі келісім бойынша Өзбекстанға Әндіжан су қоймасының аумағы мен оған іргелес жер телімдері берілсе, Қырғызстан өтемақы ретінде мың гектардан астам жайылымдық жер алған еді.
Сарапшылардың пікірінше, шекара мәселелерінің түпкілікті реттелуі Орталық Азиядағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға жаңа мүмкіндік береді.





