Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салды

Қытай Қазақстан экономикасына 27 млрд доллар инвестиция салды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен инвестициялық ынтымақтастықтың көлемі артып келе жатқанын айтты.

Оның сөзінше, Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар құйған. Елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында CNPC, CITIC, SINOPEC және Huawei секілді ірі корпорациялар бар.

Мемлекет басшысы Қазақстанда инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енгізіліп, Инвестициялық штаб жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Сонымен бірге, екі ел арасында инвестицияларды көтермелеу туралы келісім жасалған және визасыз режим іскерлік байланысты нығайтуға ықпал етіп отыр.

Президенттің айтуынша, Қазақстан экономикасы тұрақты дамып келеді. Жыл соңына дейін жалпы ішкі өнім 300 миллиард доллардан асуы мүмкін. Бұл – экономиканы әртараптандыру және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру шараларының нәтижесі.

Тоқаев көлік-транзит саласындағы жобаларға да тоқталды. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, Қытай – Еуропа бағытының өткізу қабілеті бес есе артады. Былтыр Транскаспий дәлізімен 4,5 миллион тонна жүк тасымалданған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға көп.

Энергетика саласында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Атырауда Sinopec компаниясымен бірлескен полиэтилен зауытының құрылысы басталды. Сондай-ақ, CNPC қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Маңғыстауда China Huadian Corporation-мен бірлескен 160 МВт бу-газ қондырғысын салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жаңартылатын энергия жобалары мен атом энергетикасында Қытаймен әріптестік дамытылады.

Президент Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Ұқсас материалдар