Астанада 61 құрылыс компаниясы тұрғын үйді заң бұзушылықпен сатқан. Бұл туралы елорда прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылдың басынан бері салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді заңсыз сату деректері жиілеген. Тексеру нәтижесінде 61 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 49 млн теңге айыппұл салынды.
Прокуратура мәліметінше, үлескерлердің қаражатын заңсыз тартқан алаяқтық схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу қорытындысы бойынша 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, олардың мүлкі тәркіленді.
Соттар прокуратураның 900-ден астам үлескердің мүддесін қорғау үшін берген 10 талабын қанағаттандырған. Нәтижесінде олардың пайдасына 11 млрд теңгеден астам қаражат өндіріліп, 4 жер телімі мемлекетке қайтарылды.
Қадағалау органы азаматтарды құрылыс кезеңіндегі тұрғын үйді сатып алуда сақ болуға шақырады. Заңға сәйкес, алдын ала келісімдерге, брондау немесе инвестициялау шарттарына тыйым салынады, ал мәмілелер тек қолма-қол ақшасыз жүргізілуі тиіс.





