Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге 5,2 млрд теңге бөлінді

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге 5,2 млрд теңге бөлінді

Биыл елімізде араға 18 жыл салып ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Санақты өткізуге 5,2 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.  

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі тапсырмасына және Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1248 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын 2025 жылы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өткізу туралы шешім қабылданды. Премьер-министрдің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №201-ө Өкімімен Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқау беру мәселелерін шешу жөніндегі Арнайы комиссия құрылды. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу үшін 5 247,0 млн теңге сомасында қаражат бөлінді, – делінген жауапта.

Санақ субъектілеріне заңды тұлғалар және олардың құрылымдық не оқшауланған бөлімшелері, дара кәсіпкерлер, оның ішінде мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын шаруа қожалықтары жатады. Сондай-ақ жеке шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері (саяжай, бақша, көкөніс учаскелері) және ауыл шаруашылығы үй жануарлары бар үй шаруашылықтары да енеді.

Атап айтқанда жер және егістік алқабы, ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстардың саны, ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтары, мал шаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары, өндірістік ғимараттар мен ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарды ұстауға арналған үй-жайлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған ғимараттар мен құрылыстар саналады.

Былтыр бюро санақ парақтарын, ақпараттық жүйелерді сынақтан өткізіп, ұйымдастыру жұмысының деңгейін бағалау үшін 54 елді мекенде пилоттық ауыл шаруашылығы санағын өткізді. Соның арқасында кемшін тұстар мен күшейтуді қажет ететін бағыттар анықталған.

«Биыл дайындық шеңберінде біз құқықтық, әдістемелік, ұйымдастырушылық, технологиялық және материалдық-техникалық сипаттағы кешенді шараларды қолға алып жатырмыз. Бүгінде аймақтарда ауыл шаруашылығы санағын ұйымдастыру үшін қажет бөлімдердің құрылымы бекітіліп, қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтары әзірленді. Үй-үйді аралап сұрау жүргізетін қызметкерлерді жұмысқа алу тәртібі пысықталып жатыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы санағын өткізу үшін 4,6 мыңнан астам санақ персоналы тартылады. Олардың барлығымен тиісті еңбек шарттары және қызмет көрсету келісімдері жасалады», – деп хабарлады ведомстводан.

Ұқсас материалдар