Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ұлттық банк басты инфляциялық үрдістерді анықтады

Ұлттық банк басты инфляциялық үрдістерді анықтады
Жылдың басынан бастап, инфляцияға әсер еткен факторлар анықталды. Бұл жайында Ұлттық банк "Инфляциялық үрдістер" зерттеуінде хабарлады.

Атап айту керек, жыл басынан бері жылдық инфляция 10,7%-ға дейін жеделдеді. Азық-түлік пен ақылы қызмет бағасы өсіп, азықтүлік емес тауарлар бағасының өсу қарқыны баяулады. Өңдеу өнеркәсібі мен өсімдік шаруашылығындағы өндірушілердің бағасы жеделдеп, ішкі тұтынушылық сұраныстың тұрақты деңгейімен бірге бағаға айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Бағаға қосымша қысым көрсеткен тағы бір фактор – соңғы екі жылда ең жоғары деңгейге жеткен әлемдік азық-түлік бағасы. 

Сонымен қатар азық-түліктің жылдық инфляциясы наурыздағы 7,6%-ға қарағанда өсіп, сәуірде 8,5%-ға дейін жеделдеген. Оған үлес қосқан негізгі себеп – жекелеген азық-түлік өнімдері мен нарықтық қызметтердің қымбаттауы. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны сәл баяулады.  Айлық инфляция баяулағанына қарамастан, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр – 1,2%. Маусымдық факторлар ескерілген инфляция өткен айдағы деңгейде сақталып, 1%-ды құрады. 
 "Маусымдық факторлар ескерілген көрсеткіштер бойынша азық-түлік пен азық түлік емес тауарлар бағасының өсу қарқыны баяулағанымен, ақылы қызметтер инфляциясы, керісінше, жеделдеді. Алдыңғы аймен салыстырғанда, азық-түлік бағасының өсуі 1,3%-дан 0,8%-ға, ал азық-түлік емес тауарлар бағасы 0,7%-дан 0,5%-ға дейін баяулады. Ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны 1% дан 1,8%-ға дейін қарқын алды. Маусымдық факторларды есептегенде, көкөніс, ет, аурухана, шаштараз, қоғамдық тамақтану, байланыс және амбулаториялық қызметтер бағасының айтарлықтай өскені байқалды", - делінген зерттеуде.

Әртүрлі әдістермен есептелген маусымдық факторлар ескерілген базалық инфляцияның медианалық мәні, өткен айдағыдай, айлық көрсеткіш бойынша 0,9%-ды құрады1. Бұл ретте 10% шектен тыс өзгерістерді алып тастағанда, базалық инфляция 0,8%-ға дейін баяулап, ең құбылмалы сегіз компонентті алып тастағанда 1%-ға дейін жеделдеді. 

Базалық инфляцияны бағалау диапазонының шекаралары өткен аймен салыстырғанда төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл факторлар көптеген тауар мен қызметке түскен инфляциялық қысым әлі де бар екенін көрсетеді. 
 
Азық-түлік инфляциясы Сәуірде азық-түліктің жылдық инфляциясы 8,5%-ға дейін жеделдеп, наурыздағы 7,6%-бен салыстырғанда өскен. Айлық инфляция 1,1%-ға дейін баяулағанымен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Маусымдық факторлар ескерілген инфляция 0,8%-ға дейін баяулады. Сәуірде ең көп қымбаттаған тауарлар – көкөніс, жеміс-жидек, ет, балық пен теңіз өнімдері, сондай-ақ қант. 

Сәуірде ет бағасының бір айдағы өсу қарқыны 1,4% болды, бұл ауылшаруашылық өндірушілерінің бағаны өсіруімен байланысты. 2024 жылдың соңында және 2025 жылдың басында тұтынушылық бағалар, негізінен, сиыр етіне ұсыныстың азаюы салдарынан өскен болса, қазір жылқы еті мен қой еті де қымбаттап отыр. Бұл да ауыл шаруашылығы өндірушілерінде бағаның өсуімен түсіндіріледі. Сәуірде көкөніс бағасының өсуі 2,8%-ға дейін баяулағанымен, көрсеткіш осы кезең үшін жоғары деңгей болып қалып отыр. Бұл 2024 жылы жалпы өнімнің аз жиналуына және кейбір көкөніс түрлерін өндірушілердің қымбаттатуына байланысты болды. 

Бір айда айтарлықтай қымбаттаған өнімдер: ақ қырыққабат – 20,2%-ға, қызылша – 11,7%-ға, пияз – 11,5%-ға және картоп – 7,1%-ға. Ал, қияр бағасы 14,3%-ға, қызанақ 5%-ға арзандады. Сәуірде қант бағасы 2,2%-ға өсті. Бұл Ресейден келетін импортқа тәуелді болуымызға және Ресей рублінің нығаюына байланысты болды. Қант бағасының өскені 2025 жылғы ақпаннан байқалды: дәл осы кезеңде рубль нығая бастады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға жеткізілген ақ қанттың 74%-ы Ресейден импортталған. 

Алдыңғы айға қарағанда баяулағанына қарамастан, жеміс-жидек бағасының өсу қарқыны әлі де жоғары: 1,6% деңгейінде. Маусымдық факторларды ескергенде, жеміс-жидек бағасының өсуі қалыпты (0,4%) деңгейде болды. Бұл қымбаттау үрдісі негізінен маусымдық сипатта екенін көрсетеді. Едәуір қымбаттағаны – лимон (7,1%), жүзім (6,5%) және алма (2,1%). Ал банан бағасының өсу қарқыны наурыздағы 14,3%-дан 0,3%-ға дейін баяулады. Жеміс-жидек инфляциясына кері әсер еткен факторлар – апельсин (-2%), алмұрт (-0,4%) және кептірілген жеміс (-0,1%) бағасының төмендеуі.

Ұқсас материалдар