Мәжіліс отырысында мемлекеттік қызметшілердің жалақысы мен оны индексациялау мәселесі көтерілді.
Депутат Қарақат Абден бұл тақырып бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбайға сұрақ жолдады.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру өзекті мәселеге айналған. Әсіресе жалақы деңгейі инфляциядан төмен болып, нәтижесінде білікті мамандар жеке секторға кетіп жатыр.
Қарақат Абден заң жобасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы кемінде үш жылда бір рет индексациялануы тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл қадам кадрларды ұстап қалуға және қызметкерлердің мотивациясын арттыруға ықпал етеді.
Өз кезегінде Дархан Жазықбай индексациялау тетігі 2029 жылдан бастап енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл процесс мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган арқылы жүзеге асырылады.
Жоспарланған өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің жалақысын жеке сектормен бәсекеге қабілетті ету. Осыған байланысты тиісті заңнамаға түзетулер енгізіліп жатыр.





