
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына қатысты жаңа тәсіл енгізілетінін хабарлады.
Министрдің айтуынша, биылғы сәуірде кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес, енді әлеуметтік тауарлардың бағасы тікелей реттелмейді. Оның орнына 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесіне қатаң бақылау орнатылады.
– Біз шекті және шектік баға тетігінен бас тартып, атаулы әлеуметтік қолдауға көштік. Бұл жүйе нақты әрі әділ бөлінетін болады, – деді Шаққалиев.
Қазірдің өзінде елімізде «Цифрлық азық-түлік ваучері» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаға қатысушылар әлеуметтік маңызы бар тауарларды сауда үстемесінсіз, яғни сатып алу бағасымен ала алады.