Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың ұсталуына қатысы бар ма?
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың ұсталуына министрліктің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Алмасбек Садырбайдың ұсталуына біздің қатысымыз жоқ. Ол ауыл шаруашылығы қызметкері емес. Құқық қорғау органдары оны ұстаса, неге ұстағанын өздері де білетін шығар. Бұрын да айтқанмын. Қазір де қайталайын. Субсидия – шығынның орнын толтыру үшін берілетін қаражат. 2023 жылдан бастап субсидияны облыстар береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі тек ережені қабылдайды, – деді Айдарбек Сапаров Мәжіліс кулуарында.
Министрдің пікірінше, фермер қомақты көлемде субсидия алғанда жауапкершілік барын білген.
Енді субсидия алатын адам өтініш бергенде құжатқа «Жауапкершілікті мойныма аламын» деп қол қояды. Сондықтан Алмасбек Садырбайдың неге ұсталғанына пікір білдіре алмаймын, оны білмеймін. Сондықтан ол субсидияны қай облыстан алғанын істі тергеп жатқан қызметкерлер білетін шығар, – деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Алмасбек Садырбайды 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрлады деген күдікке ілінгенін хабарлады.