Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

NASA: Уранның ең кішкентай серігі ашылды

NASA: Уранның ең кішкентай серігі ашылды

АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) ғалымдары «Джеймс Уэбб» телескопының көмегімен Уранның жаңа серігін тапты.

S/2025 U1 деп аталған бұл ай ғаламшардың 29-шы серігі. Бұл туралы ақпарат NASA-ның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды AZƏRTAC.

Мәліметке сәйкес, жаңа серіктің диаметрі шамамен 10 шақырым ғана. Осылайша ол Уран орбитасындағы ең кішкентай серік болып отыр. Айды анықтау үшін ғалымдар жақын инфрақызыл диапазонда түсірілген 40 минуттық ұзақ экспозициямен жасалған он суретті зерттеген.

– Бұл кішкентай ғана ай, бірақ аса маңызды жаңалық. Тіпті 40 жыл бұрын Уранға жақындаған «Вояджер-2» аппараты да оны байқамаған еді, – делінген NASA хабарламасында.

Сарапшылардың айтуынша, серік Ураннан шамамен 56 мың шақырым қашықтықта орналасқан. Ол планетаның экваторлық жазықтығы бойымен, Офелия мен Бьянка серіктерінің арасында айналады. Орбитасы шеңберге жақын әрі қазіргі орнында қалыптасқан болуы мүмкін.

SwRI институтының ғалымы, Күн жүйесін зерттеу бөлімінің жетекші маманы Марьяма Эль Мутамид жаңа серіктің ашылуын ғаламшарды зерттеу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі деп бағалады.

Ұқсас материалдар