
«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау 2025 жылдың 5-31 наурыз аралығында Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) жүзеге асады.
Бағдарламаға бастала салысымен, бірінші минуттарда бірден 154 өтінім түссе, алғашқы үш сағаттың ішінде 3 100 адам онлайн өтінім беріп үлгерді. Оның ішінде 268 өтінімді банк сәтті қабылдады.
Астана қаласы Алматы, Ақтөбе, Орал және Қарағанды қалаларымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін таңдалған бес қала мен аймақтың қатарына енді.
Ең бірінші өтінімді Қызылорданың 24 жастағы тұрғыны жолдады. Ал өтінім берген ең жас қазақстандық 20 жастағы астаналық Альтаир болды. Ол оқуды жұмыспен бірге біріктіріп алып жүр екен. Елорданың жас тұрғыны депозитте 2 млн теңге жинағанын және өтінімді қабылдау сәтін асыға күткенін айтады. Студент Астанада пәтер сатып алып, ата-анасынан бөлек тұруды армандайды екен.
«Наурыз» бағдарламасына барлық қазақстандықтар, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері, жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, Отбасы банкінің салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елдімекендердің тұрғындары қатыса алады.
Өтінім жолдап, «Наурыз» бағдарламасының қатысушысы атану үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
- Отбасы банкінде депозит ашу (болмаған жағдайда). Депозит мерзімі маңызды емес.
- Отбасы банкіндегі жинақ шотында кемінде 2 млн теңге болуы керек. Соманы бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында бір реттік аударыммен енгізуге болады;
- Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үйінің болмауын дәлелдейтін тексеруден өту. Отбасы мүшелеріне – күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Егер адам үйленбесе, онда тұрғын үйдің жоқтығы тек өзімен ғана тексеріледі. Кәмелетке толған қазақстандықтардың ата-аналарынан тұрғын үйдің бар-жоғы тексермейді;
- Соңғы 6 ай ішінде ресми табысының болуы қажет.
– 2024 жылы «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша 10 мыңға жуық қазақстандық қоныс тойын атап өтті. «Наурыз» бағдарламасын қаржыландыру үшін Отбасы банк алғаш рет жалпы сомасы 209,9 млрд теңгеге әлеуметтік облигациялар шығарды. Түскен қаражат қазақстандықтарға қолжетімді шарттар бойынша өз баспанасының иесі болуға көмектесті. Банктің әлеуметтік салаға қосқан осы маңызды үлесі үшін KASE бізді «ESG-облигациялар нарығының көшбасшысы» деп таныды. «Наурыз» бағдарламасы бойынша 7% (ЖТСМ 7,1-ден 9,6%-ға дейін) төмендетілген мөлшерлеме бойынша 3 560 кезекте тұрған азаматтар баспаналы болғаны қуантады. Бұл 1 және 2 топтағы мүгедектер, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар, толық емес отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, – деп атап өтті Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
«Наурыз» бағдарламаларының шарттары:
алғашқы жарна: таза әрлеудегі тұрғын үй сатып алу кезінде 10%-дан және әрленбеген немесе қайталама нарықтағы тұрғын үй сатып алу кезінде 20%-дан бастап;
тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6% дейін);
азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме – 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13% дейін);
несие мерзімі – 19 жылға дейін.
«Наурыз» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:
алғашқы нарықтағы оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бар тұрғын үй;
моноқалалар мен ауылдық елдімекендердегі қайталама нарықтағы тұрғын үй, бір жылға бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспауы шарт.
Заемның ең жоғарғы мөлшері:
- Астана мен Алматы қалалары үшін – 36 млн теңгеге дейін.
- қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.
Сондай-ақ, бір несие шарты аясында сатып алынған бастапқы тұрғын үйді жөндеуге ақша алуға да болады. Жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс.
Бағдарламаға қатысушы Баспана маркет порталынан (otbasybank.kz) бастапқы тұрғын үйді таңдап, брондап, сатып ала алады. Бұл опция бағдарламаның басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.
Аталмыш платформаға орналастырылмастан бұрын әрбір нысан тұрғын үйдің ағымдағы нарықтық бағасы негізінде құнын келісу процесінен өтеді. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда осы нысанның құрылыс салушысымен 1 шаршы метрге бағаны белгілей отырып, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады.
Қазіргі уақытта платформада 20 075 пәтер мен жалпы көлемі 1000 жуық нысан ұсынылған.