Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Нұрбақыт Теңізбаев пен Қанатбек Бегалиевтің жүлдесіне арналған турнир өтуде

Нұрбақыт Теңізбаев пен Қанатбек Бегалиевтің жүлдесіне арналған турнир өтуде

Талғар қаласында  грек-рим күресінен  Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегерлері — Нұрбақыт Теңізбаев (Қазақстан) пен Қанатбек Бегалиев (Қырғызстан) жүлделеріне арналған халықаралық турнир өтуде.

Үшкүндік турнир кеше қазақ пен қырғыздың жалауын желбіреткен қос палуан Нұрбақыт Теңізбаев пен Қанатбек Бегалиевтің шеберлік сабақтарымен басталды.

Бір кездегі боз кілемдегі қарсыластар әрі Олимпиада шыңын бағындырған достар бүгінде өз елдерінде қызмет етіп, дамуына үлес қосуда. Қазіргі таңда Нұрбақыт Теңізбаев — Алматы облысы Кеген ауданының әкімі, ал Канат Бегалиев — Қырғыз Республикасындағы «Спорттық нысандар мен спорттық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарады.

 «Мен 2005 жылы Қазақстанда тұрып, жаттықтым. Біз Нұрбақытпен бір кілемде күресіп, бір-бірімізге бәсекелес әрі қолдаушы болдық. Қазіргі ұрпақтың спорттық бауырластық пен адал күрестің үлгісін көруі өте маңызды. Мұндай турнирлер халықтар арасындағы достықты нығайтады», — деді қырғыздың қайраткер ұлы Қанатбек Бегалиев.



Жарыстың ашылуына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысып, қос елдің достығының белгісіндей болған қос палуанның атындағы турнирдің қатысушыларына жылы лебізін арнады. 

«Қазақ пен қырғыз ежелден туыс, тамыры бір халықтар болған. Осы бауырластықты жыр алыбы Жамбыл «сүйегім қазақ, етім қырғыз» деп терең мағынамен жырлап, екі халықтың туыстығын ерекше атап өткен болатын. Бүгінгі турнир сол достық пен бауырластықтың айқын көрінісі, Нұрбақыт ағаларың мен Қанатбек ағаларың өз еңбектерімен осы биікке көтерілген болатын. Олар спорт арқылы тек қана жеңісті емес, достықтың, өзара сыйластықтың үлгісін көрсетіп тұр. Қазақтан шыққан, осы Алматы облысында қызмет істеп жатқан, Демеу Жадыраев, Ақжүрек Таңатаров, сондай-ақ, Қырғыз елінен шыққан Жоламан Шәшенбеков, Ақжол Махмудов сынды чемпиондар жастарға үлгі - өнеге болуда. Бүгінгі кездеуде қатысып жатқан сендер де жетістікке жететін чемпионсыңдар.  Әр белдесулерің жігерлеріңді, рухтарыңды, достықтарыңды көрсететін болсын», деді облыс әкімі турнирге қатысушыларға арнаған тілегінде.

Облыс әкімі сондай-ақ, атақты олимпиадашыларымыздың құрметіне арналған халықаралық турнир аймақ спортының дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.

«Бұл жарыс жас балуандарды біріктіріп, олардың өсуіне мүмкіндік береді, Қазақстан мен Қырғызстан халықтарының достығы мен өзара түсіністігін нығайтады. Сенімдімін, бұл турнир жақсы дәстүрге айналып, қатысушылар географиясы жылдан жылға кеңейе түседі», деді Марат Сұлтанғазиев.

Турнирге Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Қырғызстан елдерінен 15 жасқа дейінгі 250-гу жық жас балуандар қатысуда. Олар 35 кг-нан 110 кг-ға дейінгі 12 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады.

Бұл турнир грек-рим күресін насихаттау, Орталық Азия елдері арасындағы достық пен спорттық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ болашағы зор жас спортшыларды анықтап, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік турнир 2024 жылы Қырғыз елінен бастау алған еді.

«Бұл турнирдің идеясы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық пен спорттық бауырластықтың нышаны ретінде дүниеге келді. Алғашқы турнир өткен жылы Қырғызстанда өтті және спорт қауымдастығы арасында үлкен қолдау тапты. Ол кезде жарысқа ондаған спортшы қатысып, жаңа дәстүрдің бастамасына айналды. Биылғы турнирді қазақстандық тарап қабылдап, жарысты Алматы облысында өткізу туралы шешім қабылданды. Келесі, үшінші турнир қайтадан қырғыз жерінде өтеді», — дейді Алматы облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дамир Күзембаев.

Жарыстың ашылуы барысында облысы әкімі мен жарыс ұйымдастырушылары, Нұрбақыт Теңізбаев қырғызстандық қонақтарға қазақ салтпен шапан жауып, Қанатбек Бегалиевке ат мінгізді. Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғыман да аудан жұртшылығы атынан құрметті қонаққа дәл осындай құрмет көрсетті.

Жарыстар екі күнге созылады. Ертең жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке және командалық есепте анықталып, жүлдегерлер медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

 

Ұқсас материалдар