Оқушыға білім ғана емес, тәрбие нәрін де беруіміз керек – Бұлбұл Расбекқызы

№90 мамандандырылған мектеп-лицейі Алматы қаласындағы беделді білім ұясы. Әлемнің 100-ден астам елі кең көлемде атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күніне орай №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, 1-санатты басшы, шебер оқытушы, «Тау өзені» әдістемелік құралының авторы Бұлбұл Расбекқызымен сұхбаттасқан едік.
– Бұлбұл Расбекқызы, бұған дейін №15 мектеп-гимназиясын басқарып, беделі биік білім ордасына айналуына үлес қостыңыз. Биыл №90 мектеп-лицей басшылығына келген екенсіз...
– Иә, бұған дейін 15 жыл №15 мектеп-гимназиясында директор қызметін атқардым. Білім жүйесі жолға қойылған мектеп былтыр ғана қала әкімінің «Ең үздік мектеп» аталымы бойынша 68 млн теңге грантын ұтып алдық. 15 жыл түлектерге аттестат бердім. Ал №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры болғаныма екі ай болды. Ұжыммен енді етене танысып, жұмысқа қызу кірісіп жатырмын.
– №90 мамандандырылған мектеп-лицейінің сапалы білім беру ісінде мүмкіндігі мен әлеуеті қандай?
– Бұл лицей Алматы қаласында белгілі, өзінің тарихы мен беделі бар білім ұясы. Негізінен физика, математиканы тереңдетіп оқытады. Білім сапасы жағынан да жоғары деңгейде. 2020 жылдан бастап мамандандырылған лицей атауына ие болды. Яғни, «Дарын» мектебі санатына кіреді. 1-4 сынып оқушыларын байқаусыз қабылдаймыз. Ал қала бойынша оқушыларды 5 сыныптан бастап «Дарын» республикалық орталығының байқауы арқылы таңдап аламыз. Біздің мектептің оқушыларының жетістігі көп. Мектеп директоры қызметіне кіріскен тамыз айының өзінде 8 сынып оқушысы Жапонияда математикадан өткен байқауда 2-орын иеленді. Бұл да біздің мақтанышымыз.
Алматы қаласында дәл осындай 10 мектеп бар. Жалпы, 700 орындық мектепте 1268 бала екі ауысымда оқып жатыр. Алайда, біз бір ауысымда ғана, тек 7 сыныптан бастап оқытатын мектеп болуымыз керек. Бірақ қазір халықтың үштен бір бөлігі Алматы қаласында. Орталықта мектеп салатын бос орын жоқ. Бірақ оқушыларымыздың 70 пайызы 11 сыныпқа дейін жете алмауы мүмкін. Неге десеңіз, 6 сыныптан кейін біздің ең білімді оқушыларымыз НЗМ, РФММ-ге түседі. Әрине, бұл мектептерде білім сапасы жоғары екені сөзсіз. Шетелдік мамандар жұмыс істейді дегендей. Мақсатым – осы екі мектептің мүмкіндігін толыққанды зерттеу. Оларда бар дүние бізде неге жоқ? Сол мүмкіндікті өз мектебімізге енгізіп, қолдана аламыз ба? Осының бәрін зерделеген соң, 5 сыныпқа арнайы байқау арқылы түскен оқушыларды өзіміздің мектепте сақтап қалу.
Әрине, бұл біріншіден маманға байланысты. Білімді, білікті ұстаздарды тарту керек. Өзіңіз білесіз, қазіргі заманда маман тапшылығы біздің мектепте ғана емес, Қазақстан бойынша бар.
– Соңғы жылдары педагогика мамандығына оқуға түсіп, тәмамдап жатқан жастар көп. Соған қарамастан мұғалім тапшылығы сезіле ме?
– Мұғалім тапшы. Мұғалімге деген сұраныс бар. Әрине, қазір педагог мамандығын бітіріп жатқандар көп. Бірақ мәселе – сапасында. Бізге білімді, сапалы жұмыс істейтін, өз мамандығы мен балаларды жақсы көретін, талап қоя білетін мамандар керек.
Біздің мектепте жасы ұлғайған ардагер ұстаздар да бар. Жастар солардың неше жылдан бері жинаған тәжірибесін алса, ал олар жастарды баулыса, сонда үндестік болады. Бүгінгі жастар ертең біздің ұрпағымызды оқытады. Сонау 1990 жылдары педагогика мамандығына мектепте «3» пен оқыған немесе жоғары оқу орнына түсе алмай қалғандар келді. Бұл өте үлкен олқылық болды. Мұны үкімет зерделеуінің нәтижесінде педагогика мамандарын даярлайтын оқу орындарына түсетін межелі балл көтерілді. Содан кейін «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды.
– Сонда 1990 жылдардың салдарын әлі көріп келеміз бе? Соңғы жылдары білім саласына мемлекет тарапынан қолдау жоғары екені байқалады.
– Тәуелсіздік алар жылдары мектеп, білім керек емес болды ғой. Бәрі сауда-саттыққа кетті. Соның салдары әлі бар. Оны бір күнде жою әрі шешу оңай емес. «Ештен кеш жақсы» деп қазір осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалып жатыр. Ұстаз қауымының жалақысы көбейді. Заң қабылданды. Міне, осының бәрі өз нәтижесін беруде.
Біз мұғалімді арнайы тест сынағы арқылы аламыз. Жақында ғана қаншама орыс тілі мұғалімін тесттен өткізіп едік, өздері қате жазатынына куә болдым. Мұндай мұғалімді мектепке қабылдай алмаймын. Одан білім алған оқушы қалай сауатты болады? Бірінші байқауға дейін ұстаздың білім деңгейін тексереміз. Егер білімі болса, жас маманға әрі қарай методиканы, әдістемелікті үйретеміз. Ал білімі жоқ әрі сауатсыз болса, біз оны қайтадан оқыта алмаймыз ғой. Мұғалімге керекті басты қазына – білім. Сонда ғана ұстаздықты алып кетеді. Әрине, тәжірибені ешқандай ақшаға сатып алмайсың. Біз де жас болдық, біз де методика жағынан қателік жібердік. Бірақ сол кезде мектеп басшылығы біліміміздің бар екенін ескеріп, қолдап әкетті. Сондықтан құлшыныс мұғалімнің өзінен болуы керек. Білімі, құлшынысы жоқ маман мектепте мүлдем жұмыс істей алмайды. Ұстаздықты сүю керек, іштей дайын болып келу керек. Ал мұндай мұғалімге жағдай толық жасалған. Бұл үшін үкіметке ата-ана, ұстаз, басшы ретінде де көңілім тояды.

– Педагог мәртебесін айқындап алған соң мұғалімге көп жағдай жасалғаны анық. Мысалы, қоғамдық жұмысқа тарту азайды дегендей...
– Талай жыл болды, мұғалімді ешқандай қоғамдық жұмысқа араластырмайды. Тек білім беру ғана міндеттелді. Сапалы жұмыс істейтін, осы жасалған жағдайды бағалай білетін, баламен тынбай еңбек ететін мұғалімдер керек. Сол кезде мектеп түзеледі, ал мектеп түзелсе, қоғам да түзеледі.
Ұстаз ешкімге айтып, жар салмай-ақ жұмыс істеуі мүмкін. Бұл бес-алты жылдан кейін алдындағы оқушысының өмірінің сапасына өте жақсы әсер етеді. Ал егер бүгін оқушыны әртіс сияқты билетіп, флеш-моб жасап, әйтеуір соны ғана көрсетуді ойласақ, бұл тек бүгінгі күнге ғана жасалған дүние болып саналады. Бұл оқушының болашақтағы өміріне аса бір пайдасын тигізетін нәрсе емес. Біз мектепте оқушыға тек білім мен тәрбие нәрін беруіміз керек. «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп бекер айтылмаған. Кейде ата-аналардың арасында «Балам қиналып кетті...» дейтіндер бар. Сондай сәтте біз «Оқушы мектепке не үшін келеді?», деп сұраймыз. Әрине, оқу үшін. Оқу – еңбек. Оқу – өте жауапты һәм қиын іс. Бұған ата-ана да, бала да дайын болуы керек.
Білімнен кейінгі орында – тәрбие. Тәрбие дұрыс жолға қойылмай, алған білімінің қоғамға келтіретін пайдасы аз болады. Үздік болса да, қылмыскер атанған оқушы ешкімге керек емес. Сондықтан әуелі білімді алдыңғы орынға қоя тұрып, тәрбиені де естен шығармау қажет.
– Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ғой. Ал мектептердегі тәрбие ісіне көңіліңіз тола ма?
– Оқу-ағарту министрлігі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын дайындап берді. Мұнда тәрбиеге байланысты дүниенің бәрі толыққанды жазылған. Бізге тек соны қолға алып, іске асыру ғана керек. Әрбір ата-ана мен ұстаздың міндеті осы. Екеуі бірлесіп, жұмыс істеп, балаға қызмет етсе, бұл қоғамға қызмет еткенмен бірдей. Қоғам түзелмей, мемлекеттің де алға жылжуы қиын болады. Осы 33 жылдық еңбек тәжірибемде түйген ойым осы. Бірақ әр адам жауапкершілікті сезінуі қажет. Қазір мемлекет өте көп дүние жасап жатыр. Бұған дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша қаншама мектеп салынды. Одан кейін «Келешек мектеп» жобасымен де соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған білім ұялары пайдалануға беріліп келеді. Мұның өзі ең алдымен білімді ұрпақтың қамы. Бізде қандай дерт бар? Отырып алып, «Президент пен әкім неге бұлай істемеді? Директор неге бүйтпеді?» деп сынап шығамыз. Керісінше, мемлекет балаңыз үшін бар жағдайды жасап қойды. Ал енді балаңызды директор келіп тәрбиелеп бере ме? Сіз де өзіңізге жауапкершілік алыңыз. Сонда ғана нәтиже болады.
– Дұрыс айтасыз, кейбір ата-ана баласының тәрбиесін де мектепке, сынып жетекшісіне жүктеп қоятын сияқты...
– Меніңше, ата-ана жауапкершілігін көтеру керек. Бұл жерде де мектеп басшылығы ретінде жауапкершілікті ала отырып, ата-ананың педагогикалық мәдениетін қалыптастырып, құзыреттілігін көтеру үшін көп жұмыс істейміз. Әр мектепте ата-аналарға педагогикалық көмек көрсету орталығы құрылған. Біз «Ата-аналар сондай», деп қана отырмаймыз. Олардың білмейтінін көрдік пе, шамасы жетпейтінін білдік пе, қол қусырып отырмаймыз, сол ата-анаға көмек көрсетеміз. Кез келген мұғалім ата-анамен жұмыс істеп, түсіндіріп, тиісті мағлұмат береді. Өйткені, біздің жұмысымыз 24/7 жалғасады. Үйге келсек те, жұмыстан тыс түрлі жағдай болады. «Балам бүгін жылап келді немесе құлап қалыпты», деп те хабарласатын ата-аналар бар. Мұндайда «Менің жұмыс уақытым бітті. Сізбен сөйлесе алмаймын» деп айтпаймыз ғой. Кейде оқушы оқыстан бірдеңеге ұшырап қалуы мүмкін. Сол мәселені шешпейінше, күн бе, түн бе жұмыс істейміз. Тіпті, түнгі 1-ге дейін аудандық полиция бөлімінде жүретін кездер болады. Баланың тағдырына қатысты болса, сағатқа да қарамаймыз. Бүгінгі оқушы қоғамның бір мүшесі, ертеңгі болашақ маман. Бізге жол, үй салатын, дәрігер ретінде емдейтін, тамақпен қамтамасыз ететін, түрлі салада жұмыс істейтін осылар ғой. Егер оларды сапасыз дайындасақ, қоғам да сапасыз. Сосын сіз де сапасыз үй, сапасыз қызмет аласыз.
Әрине, мұның бәріне тікелей ата-ана жауапты. Осындай оқиғаларда көбінесе мектеп директорын, сынып жетекшісін жұмыстан шығарып жатады. Бұл дұрыс емес. Соңғы бір оқиғада мұны заңсыз деп танып, қызметінен босап қалған директор мен сынып жетекшісін жұмысына қайта шақырып, орнында қалдырды. Себебі, олар кінәлі емес. ҚР Конституциясының 27-бабына сәйкес, «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу-ата-ананың етене құқығы әрі міндеті», деп жазылған. Бұл жерде «мектеп директоры, сынып жетекшісі», деп тұрған жоқ. Ата-анамен әңгімені осыдан бастап, шегелеп айтамын. «Ата заңды оқыңыздар» деймін. Бәрі де заңды түрде жұмыс істеу керек. Қоғамның алға жылжымай тұрғаны да сол. Қазір үкімет осыны талап етіп «Заң және тәртіп» қағидатын ұстануды, қалыптастыруды қолға алды. Әр үйде жеке кітапхана болады. Соның ішінен заңға қатысты кітаптарды іздеймін. Отбасы құрғандар «Неке және отбасы» туралы кодексте не жазылғанын білмейді. «Бала құқықтары туралы» конвенцияда не айтылған? Бұдан да хабарсыз көбі. Қоғамның басты мәселесі – заң оқымайды. Біздің халықтың 90 пайызы заңды парақтамаған да. Тіпті, кейбір сала мамандары «Білім туралы» заңды, өз мәртебесі туралы негізгі құжатты оқымайды. Егер заңды білсе, қоғамда құқықбұзушылық та азаяр еді.
– Бұлбұл Расбекқызы, «Тау өзеніндей, мұғалім еңбегі де тынымсыз» депсіз «Тау өзені» кітабында. Осы еңбегіңіз туралы сұрақпен сұхбатымызды аяқтасақ.
– Директор – педагогикалық, ғылыми-әдістемелік, ұйымдастыру басқару міндеттерін шешуге қажетті жалпы теориялық пәндер негізін терең меңгерген білікті маман болуға тиіс. Өз кәсібінде жауапкершілік, табандылық, қайырымдылық негіздерін басшылыққа алады. Кез келген мектеп директоры білікті басшы болуға ұмтылуы заңдылық. Өйткені мектеп жетістігі басшының іскерлігіне байланысты. Директор білікті ұйымдастырушы ғана емес, бүгінгі күн талаптарына бейім кәсіп иесі, менеджер үдесінен шығуға тиіс. Мұғалімнің міндеті оқушыға сапалы білім беру ғана емес, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Осы орайда әрбір мектептің, білікті ұстаз, заманауи директорлардың тәжірибесі жас мамандарға өнеге, үлгі болса деймін. Осы әдістемелік құралды жазудағы мақсатым да жас директор әріптестеріме қолдау көрсету еді.
– Сұхбатыңызға рақмет! Ұстаздар күні құтты болсын! Еңбегіңізге табыс тілейміз!