Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Отбасы банк офтальмологиялық қызметке төлем алуға өтініш қабылдауды тоқтатты

Отбасы банк офтальмологиялық қызметке төлем алуға өтініш қабылдауды тоқтатты

Денсаулық сақтау министрлігінің 3 желтоқсанда жарияланған бұйрығына сәйкес, офтальмология мен стоматология  біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін қызмет түрлерінің тізімінен алынды.

Отбасы банк 4 желтоқсаннан бастап офтальмологиялық қызметтерді біржолғы зейнетақы төлемдері арқылы төлеуге арналған өтініштерді қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк өкілдерінің айтуынша, 4 желтоқсанға дейін берілген барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралады.

Қаржы институты мұны емделуге арналған ЕПВ пайдалану ережелерінің өзгеруімен байланыстырып отыр. Жаңартылған ереже 2025 жылғы 3 желтоқсанда ресми түрде жарияланған.

«Жаңа қағида бойынша, зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге ғана емес, офтальмологияға да пайдалану мүмкіндігі алынып тасталды», – деп түсіндірді банк.

15 мыңнан астам өтініш қаралып жатыр

Қазіргі уақытта Отбасы банкте офтальмология бағыты бойынша:

  • 15 808 өтініш бар, жалпы сомасы – 13,3 млрд теңге.

Олардың ішінде:

  • 5 131 өтініш (4,6 млрд тг) – банк тарапынан құжаттар тексерілуде;

  • 10 677 өтініш (8,7 млрд тг) – клиенттерден қосымша құжат сұралды.

Стоматологиядан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артқан

Банк офтальмологиялық өтініштердің күрт өскенін атап өтті.
15 қыркүйекке дейін айына орта есеппен 174 өтініш мақұлданса, стоматология бойынша шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш айына 1 264 өтінішке дейін, яғни 7 еседен астам артқан.

Сонымен қатар, банк біраз күмәнді жағдайларды анықтағанын хабарлады. Бірқатар клиенттер бір офтальмологиялық клиникамен шарт жасасқанымен, құжаттарда түрлі қалалардағы әртүрлі мекенжайлар көрсетілген. Тексеру нәтижесінде аталған мекенжайларда мұндай клиникалардың жоқ екені белгілі болған.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай ем түрлеріне  пайдалануға болады?

Шектеулерге қарамастан, қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін келесі қымбат әрі маңызды ем түрлеріне жұмсай алады:

  • орфандық (сирек) ауруларды емдеу;

  • реконструктивті және қалпына келтіру операциялары;

  • радионуклидтік және радиойодтерапия;

  • радиохирургиялық емдеу;

  • протондық терапия.

Ұқсас материалдар