Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Sunwah Group корпорациясының төрағасы, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің тұрақты комитет мүшесі, Гонконгтағы Қытай бас сауда палатасының төрағасы Цай Гуаньшэньді қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды. Президент 2013 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Астанада алғаш ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынына жоғары баға беріп, Қытай бүгінде Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналғанын, тауар айналымының жыл сайын рекордтық көрсеткіштерге жетіп отырғанын айтты.
Әңгімелесу барысында инвестициялық ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстан шетелдік инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасап, бірлескен стратегиялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллект саласындағы жаһандық үдерістерге тоқталып, бұл бағытта Қытайдың көш бастап тұрғанын атап өтті және аталған салада ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді.





