Шілденің 15-нен 16-на қараған түні Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасалмақ болды. Көтеріліс жылдам басылғанмен халық арасында зардап шеккендердің қатары айтарлықтай көбейді. Бұдан бөлек маусым айының соңында Ататүрік әуежайында теракт болып, халықты дүр сілкіндірген еді. Ал туризм саласы жалпы ішкі өнімнің 4,5%-ын құрайтын мемлекет үшін жоғарыдағы жағдайлар ауыр соққы болды. 7kun.kz Түркиядағы туризм жайы қалай болып жатқанын, туристердің елге баруға деген қызығушылығы қандай екенін анықтап көрді.

Түркияға баратын туристер саны азайды

Экономистердің сөзінше, шетелдік нарықтан келетін табыстың азаюына байланысты Түркияның туризм саласына түсетін пайда 2016 жылы 8 млрд долларға қысқаруы мүмкін. 

Сарапшылар Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің ресми статистикасына сілтеме жасап, 2016 жылдың ақпан айында шетелдік туристердің саны 10,2%-ға азайғанын атап өтті. Бұл өткен жылмен және соңғы он жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда туристер ағынының едәуір қысқарғанын білдіреді.

Қаңтар-ақпан айында түрік еліне барған жалпы туристердің саны 2,4 миллионды құрады. Яғни Түркияға баратындар саны 8,5%-ға қысқарған. Ал Еуропадан келетін туристер ағыны 7,7%-ға азайды.

Ал наурыз айында Түркияның туризм және мәдениет министрлігі жариялаған есепке сәйкес, елге барған туристер саны өткен жылдағы осы кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға қысқарған. Мемлекетке келген туристер саны 1,65 миллионды құраған. Ал өткен жылдың осы айында Түркияға барған туристер 1,90 миллион болған.

13639624_540971252757095_853916536_o

Ең алдымен Түркияға Ресейден келетін туристер саны 59%-ға қысқарды. Оның себебі де түсінікті. Су-24 оқиғасы болмай тұрып, Түркияға келген ресейлік туристер саны 3,7 млн адамды құраған еді. Сондай-ақ, Германиядан келетін туристер 17,2%-ға, Еуропалық одақ елдерінен келетіндер 13,8%-ға қысқарған.

Ал Қазақстаннан Түркияға баратын туристер саны 2015 жылы 9%-ға немесе 33 мың адамға қысқарған. 2014 жылы түрік еліне барған қазақстандықтар саны 351121 адамды құрады. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ақпаратынша, қазақстандық туристер санының азаюы әлемдегі хал-ахуал және ұлттық валютаның құлдырауымен байланысты болып отыр. Сондай-ақ, елімізден Тайланд бағытына (52,5 мыңнан 44,4 мыңға дейін) және Қытайға (336 мыннан 231 мыңға дейін) туристік ағым төмендеген.

Неге туристер Түркияға бармайды?

Түркиялық журналист Мехмет Тезканның айтуынша, Анкараның ішкі және сыртқы саясаттағы жіберген қателіктері елдің туризм саласына кері әсерін тигізіп отыр.

Ол билік тарапынан кеткен негізгі 4 қателікті атап айтты. Бірінші қателік - мемлекет билігінің Сириядағы ішкі қақтығыстарға араласуы. Оның сөзінше, осының салдарынан Эгей теңізі "өлі теңізге" айналды. "Мыңдаған босқын батып кеткен бұл теңіз аймағына туристерді тарту оңай дегенге сенгім келмейді" , - дейді ол.

Екінші қателік - биліктің террористік топтар мен жихадшыларға қатысты мәселелерді жоққа шығаруы. Салдарынан террористер мелмекетке оңай беттеп, олардың бейбіт тұрғындар мен шетелдік демалушыларға шабуылы жиіледі. Ал мұндай оқиғалардан соң туристердің Түркияға деген қызығушылығының артуы екіталай.

Үшінші қателік - Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың үзілуі. 7 айға созылған екі ел арасындағы саяси қақтығыс Ресейден келетін туристердің азаюына әсер етті. Мехмет Тезканның сөзінше, ресейлік туристердің көп болуы Түркия туризмінің "аяқтан тік тұруына" көмектескен. Десекте Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған маусым айында ресейлік Су-24 ұшағын атып түсіргені үшін өкініш білдіретінін айтты. Осыдан соң Владимир Путин ресейлік туристерге Түркияға баруға рұқсат беру туралы шешім қабылдады.

13840380_540971502757070_740899569_oТөртінші қателік - күрттер мен түріктер арасында шиеленіскен мәселе. Журналист Түркия мен Күрдстанның Жұмыс партиясы арасындағы соғысты болдырмау үшін ешқандай әрекет жасалмағанын атап өтті. "Ал мұндай жағдайда туристер елге мүлде келмейді", - дейді Тезкан.

Бесінші қателік -  саяси оқиғалар мен террористік актілер және төңкерістің бола жаздауы туристердің бас тартуына тағы себепші болып отыр.

Қонақ үйлердің бағасы қалай өзгерді?

Ресейдің туроператорлар қауымдастығының ақпаратына сәйкес, наурыз айында туристердің аз болуына байланысты түркиялық қонақүйлер бағаны төмендеткен. Мысалы Стамбул қаласындағы қонақүйлердің бір күндік бағасы 140 еуродан 91,9 еуроға түскен. Сондай-ақ жаңажай маңында орналасқан қымбат қонақүйлердің бағасы қала ортасындағы қонақ үйлер бағасымен теңескен.

13839787_540971479423739_1466250515_oБұдан бөлек ақпан айында Жерорта мен Эгей теңізі аймағында саяхаттаушылар азайғандықтан 1300-ге жуық қонақ үй сатылымға қойылған. Түркияның туризм саласының бұлай нашарлауына қауісіздік деңгейінің күрт әлсіреуі мен террорлық әрекеттердің көбеюі әсер етті.

Сонымен Эгей теңізі аймағында құны 3 млрд долларды құрайтын 908 қонақ үй, Антальяда 410 қонақ үй (120-сы бесжұлдызды) сатылымға қойылды.

Қазақстандық туристердің Түркияға баруға қызығушылығы қандай? 

Әскери төңкеріске байланысты Түркиядағы жағдайдың алғашқы күндерінде отандық демалушылардың осы елге ағыны күрт азайды. «Air Astana», «Scaт», «Atlas Global» және «Turkish airlines» компанияларының алдын-ала мәліметтеріне сәйкес, 800-ге жуық адам сапардан бас тартқан немесе сапар бағытын ауыстырған. Дегенмен  қазіргі уақытта бас тартушылардың саны қайта азайды.

[caption id="attachment_48653" align="alignnone" width="620"]Фото: Murad Sezer/Reuters Фото: Murad Sezer/Reuters[/caption]

Сондай-ақ, ҚР Инвестиция және даму министрлігінен мәлім болғандай, министрлікте сенім телефондары тұрақты жұмыс істейді. Демалыстан бас тартушыларға заң шеңберінде түсіндіру шаралары жүргізілуде. "Әрбір өтініш білдірушіге оның заңды мүдделерін қорғау бойынша қажетті көмек көрсетілуде. Жалпы, туристік компаниялар, авиакомпаниялар және түркиялық демалыс орындары болған жағдайларға аса түсіністікпен қарауда", - дейді министрлік өкілдері.

Бұдан бөлек туристік компания өкілдерінің айтуынша, туристік жолдамалар құны күн сайын өзгеріп отырады. Мұның өзі туристердің қызығушылығын азайтуы мүмкін. Сондықтан туристер үшін ең тиімдісі - жолдамаларды ертерек сатып алу. Яғни туроператорлармен ақылдаса отырып, саяхаттауды алдын ала жоспарлағандарға деамалу құны кемінде 200 долларға арзан болады.

Ал ҚР ИДМ елімізден шетелге баратындар санының азаюынан ішкі туризмге деген ағын күшейюі мүмкін деп есептейді, себебі туристер отандық курорттарда демалуды жөн көре бастады. Нақты деректерді "жылдың қорытындысы бойынша айтуға болады" дейді министрлік.

Маржан НҮСІПБЕК "7"