SCAT әуе компаниясының президенті Владимир Денисов 2025 жылы 335,9 млн теңге көлемінде сыйақы алған.
Бұл туралы Қаржы есептілігі депозитарийінде жарияланған компанияның қаржылық құжаттарында көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, Владимир Денисовтың жылдық сыйақысы бір жыл ішінде айтарлықтай өскен. Егер 2024 жылы оған 224 млн теңге төленсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 336 млн теңгеге жеткен. Осылайша, бір жылдағы өсім 92 млн теңгені құрады.
Владимир Денисов SCAT әуе компаниясының президенті қызметін 2020 жылдан бері атқарып келеді. Сонымен қатар ол компания акцияларының 57 пайызын иеленетін негізгі акционерлердің бірі саналады.
SCAT әуе компаниясы 1997 жылы құрылған және бас кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан. Компания Қазақстандағы ірі жеке әуе тасымалдаушыларының бірі ретінде ішкі және халықаралық бағыттар бойынша тұрақты әрі чартерлік рейстерді орындайды.
Компанияның негізін қалаушылар – Владимир Сытник пен Владимир Денисов. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, олар SCAT-тың негізгі акционерлері қатарында.
Жарияланған қаржылық есеп компания басшылығына төленген сыйақы көлемі мен корпоративтік басқару жүйесіне қатысты мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұсынылған.





