Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Соңғы 5 жылда туристер саны 7,5 есе өсті

 Соңғы 5 жылда туристер саны 7,5 есе өсті

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов  елдегі туризм саласын дамыту және цифрландыру туралы Үкімет отырысын өткізді.

− Қазақстан – тарихы терең, табиғаты әсем, мәдениет пен салт-дәстүрге бай мемлекет. Ұлан-ғайыр даламыздың әр қиырында туристерді қызықтыратын көрікті жерлер көп. Сондықтан туризм ел экономикасының өсуіне жаңаша серпін беретін салаға айналуы қажет. Бұл ретте, Қазақстандағы туризмнің даму әлеуеті – өте жоғары. Соңғы 5 жылда туристердің саны 7,5 есеге өсті. Былтыр елімізге 15 млн-нан астам адам саяхаттап келді, − деді О.Бектенов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьердің айтуынша, Президент тапсырмасымен осы салада ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан – тау шаңғысы мен табиғи туризмді дамытуға қолайлы өңір.

Щучье-Бурабай курорттық аймағында жыл бойы жұмыс істейтін туристік объектілер құруға және экологиялық, спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Ақтау маңындағы «Жылы жағажайда» бес жұлдызды қонақ үй мен ойын-сауық паркін салу жобалары жүргізілді. Осы өңірдегі Кендірлі курорттық аймағында әуежай салынады.

− Бүгінде іс-шаралық және мәдени туризм белсенді дамып келеді. Елімізде көптеген мәдени және спорттық іс-шаралар, бизнес-форумдар өтіп жатыр. Барлық мүдделі мемлекеттік орган осындай ауқымды іс-шараларды туристерді тартуға бейімдеу үшін нақты тетіктерді әзірлеуі керек. Өткен жылы «Your tourist pass» жобасы басталды. Бұл құрал QR-кодты сканерлеу арқылы ұлттық туристік порталды, e-Qonaq көші-қон сервисін, такси қызметін және басқа да пайдалы ресурстарды қолжетімді етеді. Бұған қоса, әлемнің көптеген елінде кеңінен танымал «Tax Free» пилоттық жобасы да жақсы нәтиже көрсетіп отыр, − деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, өткен жылы Ұлы Жібек жолының бойымен өтетін «Жібек жолы» туристік пойызы іске қосылды және 125 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Алматы, Шымкент және Қызылорда әуежайларының жаңа терминалдары салынды.

− Көші-қон рәсімдерін оңайлату шаралары қолға алынды. Мәселен, шекара бекеттерінде ұйымдасқан туристік топтарды кезексіз өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл шара паспорттық бақылаудан өту уақытын 5 есе қысқартуға мүмкіндік берді, − деді Үкімет басшысы.

Ұқсас материалдар