Спортты дамыту дирекциясы бір қызметкеріне бір жылда 7,7 млн теңге сыйақы төлеген

Жоғары аудиторлық палата спортшыларды тәрбиелеуге және даярлауға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудитті аяқтады.
Аудит қорытындысы бойынша 17 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықтар анықталған.
Мәселен, Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны өз қызметкерлеріне заңсыз сыйақы беріп келген.
«2021-2024 жылдары «Спортты дамыту дирекциясының» әкімшілік персоналына сыйақы төлеуге 3,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Кейбір жағдайларда төлем сомасы жалақы қорынан асып кеткен, ал бір қызметкерге жылдық орташа сыйақы 7,7 млн теңгені құраған. Сонымен қатар спортшыларды даярлауға қатысы жоқ қызметкерлерге де оқу-жаттығу процесінің сапасына байланысты қосымша ақы төленген», – дейді ЖАП.
Жалпы ммлекеттік аудит жоғары жетістіктер спорты мен спорттық резервті даярлау саласындағы бірқатар проблема мен кемшілікті анықтаған. Дәлірек айтқанда, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған 3 тұжырымдама, 4 мемлекеттік бағдарлама және 1 кешенді жоспар қабылданса да, жоғары жетістіктер спортын дамытуда әлі де жүйелі тәсіл жоқ. Мысалы, 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда жоғары жетістіктер спортын дамытуға бағытталған іс-шаралар мүлде қарастырылмаған. 2025 жылға дейінгі тұжырымдамадағы көптеген міндет толық орындалмай, 2029 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамаға енгізілген.
Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету де кемшіліктер бар.
«Министрлік спорт саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбеген, ал кезеңдік жоспарларда спортшыларды даярлау мен медициналық-ғылыми сүйемелдеудің заманауи тәсілдері ескерілмейді. Спорттың басым түрлерінің тізімін қалыптастыруда да заң бұзылған. Бұл шешімдер кешенді талдау жүргізілмей қабылданған және көбіне спорт федерацияларының мүддесіне тәуелді болып келді. Салдарынан спорт түрінің әлеуеті, жетістіктері мен материалдық-техникалық базасы ескерілмей қаражат бөлінген. Мәселен, кейбір олимпиадалық емес спорт түрлеріне осыған ұқсас олимпиадалық спорт түрлеріне қарағанда көбірек қаражат бөлінген», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы 17 млрд теңгеге жуық заңбұзушылықтар анықталған:
- 348 млн теңге қаржылық заңбұзушылықтар,
- 2,8 млрд теңге тиімсіз жоспарланған,
- 13,7 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған.
Сонымен қатар 56 жүйелі кемшілік пен 270 рәсімдік заңбұзушылық тіркелді. 157 аудит материалы әкімшілік жауапқа тарту мәселесін қарау үшін жауапты органдарға жолданған.