Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұл ақша 10 жыл бұрын бұғатталған болатын, енді оларды қайтару мүмкін болды.
«Мен бұл соңғы күндердегі жағымды жаңалық деп санаймын. Олар бұғатталғанын білесіздер. Бұл 10 жыл бұрын еді. Ұлттық қордың активтері 80 миллион доллар көлемінде бұғатталған болатын. Осы реттеудің аясында республика мен Стати тараптары арасында Ұлттық қордың активтері бұғаттан босатылды. 80 миллион доллар Қазақстанның Ұлттық қорының басқаруына қайтарылды», – деді Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында.
Еске салайық, кеше Үкімет, Қазақстан Ұлттық банкі және Стати тараптары, жетекші кредиторлар Tristan Oil-дің қолдауымен және келісімімен Қазақстандағы мұнай-газ активтері бойынша ұзаққа созылған дауды реттеу процесін сәтті аяқтағаны хабарланған еді.