Қазақстанның бес облысында суару суын жеткізу үдерісі цифрлық жүйе арқылы рәсімделе бастайды.
Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ су беру қызметтерін жеңілдету және автоматтандыру мақсатында биллинг жүйесін пилоттық режимде енгізіп жатыр.
Жаңа платформа су тұтынушылар мен «Қазсушар» РМК арасындағы өзара іс-қимылды толық цифрландыруды көздейді. Атап айтқанда, өтініш беру, келісімшарт жасасу және есеп айырысу процестері электронды форматта жүргізіледі. Өтінім беруден бастап қызмет ақысын төлеуге дейінгі барлық кезең онлайн түрде жүзеге асады. Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, мобильді банк қосымшалары арқылы өтініш беру және төлем жасау мүмкіндігі пысықталуда.
Жұмыс тобы Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында, оның ішінде шалғай аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, биллинг жүйесін енгізу шаруалар үшін шарт жасасу рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Мейіргүл Қуандықованың айтуынша, жаңа жүйе «Қазсушар» РМК-ға каналдарға түсетін жүктемені тиімді бақылауға, су ресурстарын бөлуді жоспарлауға және суару суын заңсыз пайдалану деректерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама су ресурстарының «қара нарығымен» күресуге ықпал етпек.





