Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Су сапасы мен халық денсаулығы: Сенат жаңа заңды қабылдады

Су сапасы мен халық денсаулығы: Сенат жаңа заңды қабылдады

Бүгін Қазақстан Сенаты «Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Заң 1999 жылы Лондонда қабылданған хаттаманы ресми түрде ратификациялауға бағытталған және халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауды, сондай-ақ сумен байланысты аурулардың таралуын азайтуды көздейді.

Сенатор Арман Өтеғұлов атап өткендей, Қазақстан су тапшылығы мен климаттық өзгерістердің әсерін қатты сезетін елдердің бірі. Елдің тұщы су ресурстарының шамамен жартысы шекарадан тыс қалыптасатынын ескерсек, трансшекаралық ынтымақтастық маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, судың сапасы төмен болса, 35-тен астам инфекциялық ауру таралуы мүмкін.

Заңға сәйкес, хаттама елдерге сумен жабдықтау, санитария, гигиена, денсаулық сақтау саласында нақты көрсеткіштер белгілеу, сумен байланысты ауруларды бақылау және алдын алу, төтенше жағдайларға дайындық жоспарларын әзірлеу сияқты міндеттер жүктейді. Сонымен қатар, халықты шешім қабылдау процесіне тарту және су ресурстарын қорғау бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту да қарастырылған.

Мұның нәтижесінде Қазақстанда су қауіпсіздігі нығайып, трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастық тиімдірек болады деп күтілуде.

Ұқсас материалдар