Шығыс Қазақстан өңірінің бал өнімі алғаш рет Еуропалық комиссияның рұқсат тізіміне еніп, енді Еуропаның 27 еліне ресми түрде жөнелтіле алады.
Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Әкімнің айтуынша, аграрлық салада өңірдің көрсеткіштері айтарлықтай жақсарған. Биыл астық өнімділігі 101,5%, майлы дақылдар 107% артқан. Экспорттағы өңделген өнімнің үлесі 66%-дан 71%-ға өсті. Цифрлық жүйелерді енгізу арқылы егістік алқаптарының 40%-ында өнімділік гектарына 30 центнерге дейін көбейген.
Сақтағанов өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы халықаралық ынтымақтастығы да кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Қытай, Ресей және Өзбекстан елдерімен өзара серіктестік бекітілген.
Айта кетейік, балық шаруашылығы да қарқын алып отыр: биыл Шығыс Қазақстанда 2,5 мың тонна тауарлы балық өндіріледі.
Әкімнің сөзінше, Шығыстың балы Еуропа нарығына жол тартуы – өңірдің экспорттық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам.





